Түркістан облысы

Түркістан облысының Полиция Департаментінің жаңа ғимараты ашылды

Түркістан Облысының Полиция Департаментінің жаңа ғимараты ашылды. Әкімшілік-іскерлік орталықта орналасқан Полиция департаментінің жаңа ғимаратының ашылу рәсіміне Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Қаланың сәулеттік стиліне үйлесімді көпқабатты нысанның лентасын қиып, аралап шықты. Жаңа ғимаратта тәртіп сақшылары алаңсыз жұмыс істеуі үшін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, барлық жағдай жасалған.

Одан бөлек Полиция департаментіне тиесілі соңғы заманауи үлгідегі көліктер (Кибер-шериф пен Кордон Про-М, Автоураган) мобильді кешендер және қару-жарақтарымен таныстырылды.

Сондай-ақ департаменттің арнайы алаңында Мемлекеттік ту көтеріліп, жеке құрамның салтанатты саптық шеруі өткізілді. Министр әріптестерін заманауи талаптарға сай жасақталған жұмыс орнымен құттықтап, қызметтеріне сәттілік тіледі. Жаңа ғимараттың ашылу рәсімінде облыс әкімі полицияның еңбегін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» құру туралы идеясының негізгі мақсаты – елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қоғамның мүддесі мен талап-тілегін ескере отырып, осы мақсатта жұмыла әрекет етуіміз қажет. Бұл жауапты іс тікелей құқық қорғау саласы қызметкерлерінің адал еңбегі арқылы жүзеге асады. Сондықтан, полицияның кедергісіз қызмет етуіне әкімдік тарапынан барлық қолдау көрсетілуде. Былтыр ғана полиция қызметкерлеріне 252 жаңа көлік табысталса, биыл тағы да 30 автокөлік алынды.Бүгінгі таңда, облыс аумағында жалпы 12 стационарлық полиция бекеттері орнатылды. Тиісінше, облыстағы ішкі істер саласының басшылығы мен қызметкерлері қырағылықпен қызмет етіп, нәтижелі жұмыс көрсетуде. Ел Президентінің полицияны сервистік моделге көшіру туралы тапсырмасына сәйкес, 2021 жылдан бастап облыста ведомствоаралық топтар құрылып, жұмыстарын атқаруда.
Бұл – халықтың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған қарқынды қадам деп білемін.
Елдің амандығы мен құқықтарының сақталуы ішкі істер саласының қызметкерлеріне ғана емес, қоғамның алдындағы міндет. Бұл жұмыстарды бәріміз бірлесе атқаруымыз қажет, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Айта кетсек, облыстық Полиция департаменті ғимараты толық заманауи техникамен жабдықталып, жиһаздары орнатылып, пайдалануға берілді. 4 қабатты ғимараттың ауданы – 15 365 м2.

470 адамға арналған Полиция департаменті ғимаратының жалпы жер ауданы – 4000 м2. Ғимарат бірнеше блоктан тұрады. Мәжіліс залы, спорт залы, тир, арнайы автотұрақ, автокөлік жуу орнымен қамтылған.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы жаттығу тирінде нысана көздеп, мергендігін сынап көрді. Бес оқты нысанаға дәл тигізіп, шеберлігін көрсетті.

Жаңа ғимараттың жанында еліміздегі ең ірі кешеннің бірі, соңғы үлгідегі 126 монитор орнатылған Жедел басқару орталығы орналасқан. Бұл орталық арқылы облыстағы көшелер мен жолдар, барлық білім ұялары тәулік бойы қадағалауда. Полиция жұмысының қайнар көзі саналатын орталықта «102» желісіне соғылатын қоңыраулар қабылданады. Әрбір қоңыраудың артында үлкен командалық қызмет атқарылады. Ғимараттың жалпы ауданы – 3 га.

ІІМ басшысы Марат Ахметжанов киелі өңірдегі іссапарын облыс орталығы – Түркістан қаласындағы туристік полиция қызметімен танысудан бастады. Еліміздің бас полицейі туристік аймақта тұрғындар қауіпсіздігін сақтайтын полицейлерді тексерді. Одан әрі «Конгресс-холл» салтанат сарайында Түркістан облысы тұрғындарымен кездесу өткізді. Аталған шара Ішкі істер министрлігінің әлеуметтік желідегі парақшаларында тікелей эфирде көрсетілді. Жиын барысында аймаққа тән проблемалар қаралып, өзекті тақырыптар көтерілді.

Марат Ахметжанов еліміздегі қылмыс деңгейі жыл басынан бері 19%-ға төмендегенін, ал Түркістан облысы республика бойынша қылмысы ең аз облыстар қатарынан түспей келе жатқанын жеткізді. Сондай-ақ тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, өзекті мәселелері бар арызданушыларды жеке қабылдады. Оған қоса жергілікті БАҚ өкілдерімен брифинг ұйымдастырылды.

Back to top button