Түркістан: Төлеби ауданында спорт нысандарының саны артуда
Төлеби ауданы тұрғындарының бұқаралық спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасау бағытында занауи спорт кешендердің құрылысы жүргізілуде. Бірінші Мамыр елді мекенінде футбол алаңы мен спорттық сауықтыру орталығының құрылысы 2022 жылы басталды. Мердігер мекеме – «АРТ – Құрылыс» ЖШС. Бүгінгі таңда кешеннің шатыр жабу, қасбеті мен ішкі әрлеу жұмыстары толығымен аяқталып, құрал-жабдықтарды орнату мен абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан бөлек, мердігер мекеме «Корпорация Алем Құрылыс» ЖШС Көксәйек елді мекенінде талапқа сай спорт кешенінің құрылысын бастады. Ал Зертас елді мекенінен құны 517,8 млн теңгелік спорт кешендерінің жобалық-сметалық құжаттамасының оң қорытындысы алынып, қаржыландыруаға ұсынылды.
Былтырғы жылы Ленгір қаласында жеке кәсіпкер Мәди Нәбиевтің демеушілігімен «Жақсылық» спорт кешені ашылып, аудан тұрғындарына пайдалануға берілді. Қазіргі таңда жастар аталған спорт кешенінде спорттың қазақ күресі, самбо, дзюдо, джиу-джитсу түрлерімен шұғылдануда. Қоғалы ауылдық округі, Ұзынарық елді мекенінде ауыл азаматтарының демеушілігімен жабық спорт алаңшасы салынса, Зертас ауылдық округі, Зертас елді мекенінде бюджет есебінен спорт алаңшасы бой көтерді. Сонымен қатар Ленгір қаласындағы Шахта-Тоғыс елді мекенінде ашық футбол және баскетбол алаңшаларының құрылысы 2021 жылы басталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Аудандағы спортпен шұғылданушылар саны 46930 адамға жетіп отыр. Бұл – жалпы халықтың 38,89 пайызы.
Айта кетейік, Төлеби ауданында тұрғындардың спортпен тұрақты шұғылдануына жағдай жасау және ұлтаралық қатынастарды нығайту мақсатында ауданда 400 спорттық нысан жұмыс істейді. Оның ішінде, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты 3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мен 2 мемлекеттік жекеменшік – әріптестік аясында құрылған спорт клубы және су спорт түрлерінен олимпиадалық спорт мектебі жұмыс атқарады.