BasNewsЖаңалықтар

Қазақстанда тек бір ғана жеңілдетілген автонесие бағдарламасы қалады

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасының келешегі туралы айтып берді, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.

Вице-министрдің сөзінше, алдағы уақытта жеңілдетілген автонесие алдағы уақытта бағытын өзгертіп, қаржы аймақтарда автобус сатып алуға бағытталады.

«Жеңілдетілген автонесиелеуге бөлінген 100 миллиард теңге толығымен игерілді. 2023 жылдың басынан бастап бұл қаржыны пайдалану мақсаты болды. Сондай-ақ өзге де қажеттіліктер зерттелді. Аймақтарға барғанда көбіне автобуспен қамту мәселесі көтерілді. Бүгінде қаладағы жолаушы тасымалы автобустарының 46%-ы тозған. Жергілікті атқарушы органдармен жиналыс өткіздік. Қазіргі таңға дейін 2000 автобусқа өтініш түсті. Оның жартысы автобус тапшылығы ушығып тұрған Алматы әкімдігінен», – деді ол.

Ілияс Оспанов Қазақстанда екі жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бар екенін айтады. Алдағы уақытта оның біреуі ғана өз бағытын өзгертеді.

«Бірінші бағдарлама бұрыннан бері Қазақстан даму банкі арқылы жұмыс істейді. Екіншісі Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы. Бағытын өзгертетін де осы екінші бағдарлама. Ал Қазақстан даму банкі аясындағы бағдарлама өзгеріссіз қалады», – деп түсіндірді вице-министр.

Вице-министрдің айтуынша, елімізде 9,2 миллион адамды автобуспен қамту керек. Сондықтан бөлінген қаржыны тиімді пайдалану керек дейді.

Back to top button