Жаңалықтар

Шымкентте полиция қызметкерлері жоғалған үш бүлдіршінді тапты

Шымкент қаласының тұрғыны кешкі уақытта 2 және 7 жастағы қыздары мен 4 жастағы ұлының үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмағаны бойынша Жедел басқару орталығының «102» арнасына хабарлаған. Азаматшаның арызы бірден тіркеліп, жеке құрамға бағыт-бағдар берілді.

Аталған жайт бойынша Патрульдік полиция полкінің 824 автоэкипажы тез арада іздестіру шараларын ұйымдастырып, сол аумақтағы ойын алаңдары мен көшелерді аралады. Полиция қызметкерлерінің жұмысты жылдам ұйымдастыруының нәтижесінде балалар 30 минут ішінде сол маңдағы көшелердің бірінен табылды.

Өз кезегінде, полиция қызметкерлерінің жедел әрекетіне тәнті болған баланың анасы алғыс айтып, ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ, Абай аудандық полиция басқармасының «102» арнасына 6 жасар қыздың жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түскен. Анасының айтуынша, оқушы қыз сабақтан кейін үйіне қайта оралмаған.

Хабарды алған Ювеналды полиция қызметкерлері мен учаскелік инспекторлар тез арада көрсетілген мекен-жайға аттанды. Полицейлер көршілерден, мұғалімдерден сұрастырып, мектеп аумағын және бейнебақылау камераларын мұқият тексерді.

Нәтижесінде, тәртіп сақшылары қыздың қоғамдық автобусқа мініп, «Бекжан» базарының аялдамасында түскенін анықтады. Іздеу жұмыстарына Рекс есімді қызметтік иті бар кинолог-инспектор жұмылдырылды. Ол киім иісінің көмегімен жоғалған жасөспірімді жарты сағаттың ішінде тауып алды. Анықталғандай, қыз анасының ауруханаға баратынын біліп, соңынан еруге бел буған.Табылған бала аман-есен ата-анасына тапсырылды.

Айта кетейік, бір апта бұрын Рекс жоғалған 2 жасар бүлдіршінді табуға көмектескен болатын. Неміс иті Шымкент қаласы Полиция департаментінде бір жылдан астам қызмет етіп, тәртіп сақшыларының адал көмекшісіне айналған. Осы орайда, тәртіп сақшылары тұрғындардан балаларды қараусыз, назардан тыс қалдырмауларын сұрайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button