Діни сауаттылық – қоғам қауіпсіздігі

Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Діни сауаттылық-қоғам қауіпсіздігі» тақырыбында М.Х.Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназия оқушылары арасында түсіндірме жұмысы жүргізілді.
Мақсаты – жастарға діни ағымдардан сақтану туралы терең түсінік беру, ата-ананы құрметтеу мен жақсылық жасай білуге баулу.
Кездесуге Шымкент қаласының дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Уалихан Самат Шоқанұлы қатысты. Дін саласының маманы діннің бала тәрбиесі мен оның қоғамдағы рөлі қандай екеніне тоқталып, жат ағымның адам өмірі мен елімізге әкелер қауіпіне тоқталды.
-Адам діни сауаттылығын арттыру арқылы қоғамға, қоршаған ортаға деген көзқарасы қалыптаса отырып, кемелдену құбылысын жүзеге асырады. Сондықтан діни сауаттылықтың адам санасының оңды дамуындағы рөлі маңызды болмақ, – деді теолог маман Самат Уалихан.
Айта кетейік, орталығымыздың ұйымдастыруымен қаламыздағы жастар арасында діни сауаттылықты арттыру бағытында тұрақты кездесулер өткізіліп келеді.
Келесі іс-шарада Еңбекші ауданы жастар ресустық орталығының ұйымдастыруымен Еңбекші ауданының әкімі Есілбек Досбол Күздікбайұлы мен Еңбекші ауданы АПБ полиция полковнигі Амзеев Алмас Балтабайұлы ауданның рухани-әлеуметтік дамуына үлес қосып жүрген талантты жастар, жас ғалымдар, волонтерлер, қоғамдық ұйым мүшелері мен әр саланың белсенді жастарымен еркін форматта сұхбат құрды.
Мақсаты – құқықтық сауаттылықты арттыру, діннің қоғамдағы рөлі, билік пен белсенді жастар арасында тығыз байланыс орната отырып, емін-еркін пікір алмасу.
Кездесуде Досбол Күздікбайұлы өзінің қызмет саласында атқарып жүрген жұмысына тоқталып, жастар саясатына қатысты біршама жоспарлармен бөліссе, Еңбекші ауданы АПБ полиция полковнигі Алмас Балтабайұлы қазіргі кездегі қоғамдағы құқықбұзушылықтың себеп-салдары, оның алдын алу жөніндегі жүргізіліп жатқан шаралар жайлы сөз қозғады. Жастар спикерлерге жұмыспен қамту, қолжетімді баспана, жас кәсіпкерлерді қолдау мен заң аясында түрлі сұрақтар қойып, өз пікірлерін білдірді.
Белсенді жастардың ойы мен ұсыныстарын тыңдаған аудан әкімі, жастарға сенім артатынын жетізіп, игі істердің басында жүрген ұл-қыздарға алғысын білдірді.



