ШҚО-да жарық бағасы 10 пайызға қымбаттайды
Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары үшін шілде айынан бастап жарық бағасы 10 пайызға қымбаттайды, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Өңір халқын жарықпен қамтамасыз етіп отырған «Шығысэнерготрейд» ЖШС Шығыс Қазақстан облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментіне электр энергиясының шекті бағасының көтерілуі туралы хабарлаған.
«Энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясын сату бағасы 1 маусымнан бастап 33%-ға дейін өсті. Талдау жүргізу барысында электр энергиясының орташа сату бағасы бір кВт/сағ үшін ағымдағы шекті баға 21,042 теңгеден 12%-ға артып, 23,595 теңгені құрағаны белгілі болды. Соған байланысты шілде айынан бастап тұрмыстық тұтынушылар үшін тариф өсімі – 10%, әлеуметтік маңызы бар өнім өндірушілер үшін – 12%, бюджеттік ұйымдар және заңды тұлғалар үшін – 18%-ды құрайды», – дейді департамент басшысы Арман Мәлік.