Түркістан облысы

Түркістан: Отырарда астық жинау науқаны басталды

Отырар ауданында шаруалар шығыны аз, ағын суды көп қажет етпейтін дақыл – бидай егуді қолға алған болатын. Аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановтың ұсынысымен, жергілікті шаруалардың қолдауымен басталған жұмыстар өз нәтижесін беріп, бүгінгі таңда астық жинау науқаны басталды. Шаруалар өнім көлемі мен сапасын арттыру бағытында тәжірибе жинап, қажетті техникаларды алу мүмкіндіктерін қарастырып жатыр.

Осы мақсатта «Алқаптарды тиімді пайдалану, агрохимиялық өңдеулер жүргізу және өнімділігі мол бидай егумен қатар су үнемдеу технологияларына көшу» атты аудандық семинар өтті. Семинарға келген шаруалар егістік алаңдағы өнімділігі мол тұқым, минералды, органикалық тыңайтқыштармен жаңбырлатып суғару көрмесімен танысып, мамандардан кеңес алды. Семинар жұмысына арнайы қатысқан аудан басшысы Сәкен Сұлтанханов бидай егуді алғаш рет тәжірибе ретінде бастаған шаруаларға бүгінгі жиынның маңыздылығын атап өтті.

– Аудан көлемінде осы дақыл түріне қызығушылығы артып, бидай егуге ниетті азаматтардың қатары көбейіп келеді. Осы орайда, бізге өнім көлемі мен сапасын арттыру мақсатында тиімді шараларды қолдану қажет. Сондықтан да ғылыми зерттеу институттары мамандарының көмегіне жүгініп, шаруалардың тәжірибесін жетілдірудің маңызы зор, – деді аудан басшысы.

Семинарда Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының кеңесшісі Боранбаев Нұрлыбек «Агро-кеңес беру орталығы» негізінде өсімдік шаруашылығын дамыту» тақырыбында баяндама жасап, егілетін тұқымдардың сапасы мен алынатын өнімділігі туралы жан-жақты тоқталды. Сонымен қатар элиталы ұрық және минералды тыңайтқыштар тасымалдаушы фирмалардың өкілдері топырақ пен өндірілген дақылдардың қажеттіліктеріне сәйкес тыңайтқыштардың құрамын таңдау туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Семинар барысында шаруалар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, қажетті мағлұматтар алды. Ғылыми негіздеменің толық іске асатынына көз жеткізу үшін егістік алқаптардың топырағын зерттеп, тыңайтқыштарды қолданып көруге ниетті екендерін жеткізді.
Айта кету керек, бүгінде аудан көлемінде 300 гектар аумаққа күздік бидай егілген болса, оның ішінде 165 гектары Қарғалы ауыл округінде егілген. Алдағы уақытта шығыны аз, ағын суды көп қажет етпейтін, шаруаларға қолайлы бидай алқабын одан әрі ұлғайту көзделіп отыр.

Back to top button