Түркістан: 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие бойынша 142 жастың жобасы мақұлданды
– Несиелер «Аграрлық кредиттік корпорациясы» арқылы беріледі. Өңір бойынша Қазығұрт, Отырар, Сарыағаш, Түлкібас, Ордабасы аудандарының жастары мемлекеттік бағдарламаға өтінім беру бойынша алдыңғы қатарда тұр. Ал Созақ, Мақтаарал, Бәйдібек, Келес, Сауран аудандары мен Кентау, Түркістан қалаларында белсенділік төмен. Сондай-ақ, Жетісай, Сайрам, Төлеби, Шардара аудандары мен Арыс қаласындағы жұмыстар орта деңгейде, – деді Ернар Нұралыұлы.
– Несие алушылардың жасы 21-ден 35-ке дейін және жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Үміткердің жасы құжат тапсыру сәтінде ескеріледі. Тағы бір айта кетерлігі, жоба шеңберінде кепілдік қою – басты талаптардың бірі. Үміткерлерде кепіл болмаса, үшінші тарап кепілгер бола алады. Жоба қабылданып, несие алатын кезде кепілгердің сенімхаты мен өзі міндетті түрде болуы тиіс. Сондай-ақ, тұрғылықты жері бойынша Түркістан облысында тіркеліп, ал кепілге қоятын мүлкі басқа өңірде орналасуына рұқсат беріледі. Кепілге жылжымайтын мүліктен басқа меншіктегі ауыл шаруашылық мақсаттағы жерлер немесе арнаулы техника қабылданады. Өтінім беру үшін құжаттар пакетін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалына тапсыру қажет, – деді Әлібек Қойшыбайұлы.
Еске сала кетсек, қазіргі таңда Түркістан облысына қарасты аудан, қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-мен бірлесіп Халықты жұмыспен қамту орталығы мамандары мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл бағыттағы кездесулер мен насихаттау жұмыстары жылдың соңына дейін жалғаспақ.