Жаңалықтар

Шымкент полициясына бір аптада 9000-нан астам қоңырау келіп түсті

Жедел басқару орталығының «102» арнасына 9172 әртүрлі сипаттағы қоңырау келіп түсті. Оның 4496-сы тіркеуге алынып, қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ, қала аумағында орнатылған бейнекамералардың көмегімен 6 қылмыстың ізі суымай ашылды. Оның ішінде, 4 ұрлық, 2 тонау жайты бар.

Нөлдік төзімділік қағидасы және әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 1279 хаттама толтырылған. Атап айтқанда, жол ережесіне қатысты – 690, нөлдік төзімділік бойынша – 391 және басқада 198 хаттама толтырылды.

Абай ауданының полицейлеріне алаяқтықтың құрбаны болғанын айтып, қала тұрғыны арызданды. Мамандандырылған ХҚКО-да танысқан азамат оны алдап кеткен. Арызданушының айтуынша, ол Халыққа қызмет көрсету орталығына өзінің шетелдік көлігін заңдастыру үшін барған. Дәл сол жерде оған белгісіз біреу келіп, әңгімеге тартып, көлік иесін өзіне осы қызметке тапсырыс беруге көндірген. Күдікті өз қызметі үшін ер адамнан 220 мың теңге алып, біраз уақыттан кейін қоңырауларға мүлдем жауап бермей, ізін суытқан.

«Алаяқтық жайты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша СДТБТ-не тіркелді. Күдікті ұсталып, полиция басқармасына жеткізілді. Қазір, ол ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылды. Анықтаушылармен күдіктінің кінәсі туралы айғақтар жиналды. Жақын арада жинақталған іс-құжаттар айыптау актісімен бірге сотқа жіберіледі», – дейді Абай АПБ-ның анықтаушысы Бекзат Сүгір.

Бұдан бөлек, Шымкентте күйеу жігіттен екі қыз «қалыңдыққа опасыздық жасаған» видеосын көрсетеміз деп ақша бопсалаған. Шарасыз жігіт Әл-Фараби ауданының полицейлеріне бопсалау туралы арызбен жүгінді. Жәбірленушінің айтуынша, екі қыз оның ескі танысы, ер адамды алдап үйіне шақырған. Жігіт пәтерге кірген бойда қыздардың бірі болып жатқан жайтты жалған сипаттап, оны смартфонға түсіре бастаған. Алдағы үйлену тойын білген құрбы қыздар күйеу жігіттен видеоны өшіру үшін 200 мың теңге талап етіп, жазбаны қалыңдыққа көрсетеміз, тойдыңды бұзамыз деп қорқытқан. Сүйіктісін жоғалтқысы келмеген ер адам олармен келісімге келіп, оқиға туралы полицияға хабарлаған. Тәртіп сақшылары қыздарды қылмыс үстінде ұстады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button