Тәртіп сақшыларының жедел әрі нәтижелі қызметінің арқасында ұялы телефон заңды иесіне қайтарылды

Қаламызда тәртіп сақшыларының жедел әрі нәтижелі қызметінің арқасында ұялы телефон заңды иесіне қайтарылды. Яғни, Шымкенттің 22 жастағы тұрғыны «Iphone 14» маркалы ұялы телефонын сатпақ болып, интернетте өзінің гаджетін сату туралы хабарландыру жариялаған. Көп ұзамай оған сатып алушы қоңырау шалып, Тельман шағын ауданына келуді өтінген.
Кездесуге, белгіленген уақытта үш ер адам келген. Олар, тауарды тексергеннен кейін, сатып алу үшін қолма-қол ақша төлеп, кетуге асыққан. Бірақ сатушы ақшаның жалған екенін дер кезінде байқап, күдіктілерді қайта өзіне қаратады. Сол сәтте олардың бірі жәбірленушіні ұрып, кейін үшеуі де көлікпен оқиға орнынан қашып кеткен. Бұл туралы, азамат Абай ауданының полиция басқармасына хабарлады.
Тергеуші Мардан Шәріпбаевтың айтуынша, аталған жайт ҚР ҚК-нің 191-бабы «Тонау» бойынша тіркелді. Іздестіру іс-шаралары барысында Шымкент ҚПД жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларындағы жазбалардың көмегімен біз күдіктілердің автокөлігінің ізіне түсіп, олардың жеке басын анықтадық. Олар 21, 22 және 23 жастағы қызылордалық тұрғындар болып шықты. 3 тәулік ішінде олардың екеуі Қызылорда қаласында ұсталғанын айтты.
Сот шешімен екі тонаушыға қатысты үш жыл бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Біраз уақыттан кейін қылмысқа қатысы бар үшінші адам да қолға түсті. Алдағы уақытта оған қатысты жинақталған іс-құжаттар айыптау актісімен бірге сотқа жіберіледі. Тәртіп сақшыларының жедел әрі нәтижелі қызметінің арқасында ұялы телефон заңды иесіне қайтарылды.
Сондай-ақ, Шымкентте үш жеңіл көліктің қатысуымен ЖКО тіркелді. Оқиға орнында бір автокөлік толықтай өртеніп кетті. Салдарынан, әртүрлі дене жарақатымен 3 жүргізуші және 4 жолаушы ауруханаға жеткізілді. Сағат 19:15 шамасында Абай АПБ-на қарасты Шым-сити мөлтек ауданында жол-көлік оқиғасы болды. Оқиға орнына жедел түрде Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері барды. Белгілі болғандай, Mercedes Benz автокөлігінің жүргізушісі атауы жоқ көше қиылысында екінші дәрежелі жолда бола тұра, басты жолда келе жатқан Toyota Camry және Opel Vectra көліктеріне соқтығысқаны анықталды.



