Жаңалықтар

Жастар арасында нашақорлықтың алдын алу бойынша дөңгелек үстел өтті

 «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің кітапханасында нашақорлықтың алдын алу бойынша дөңгелек үстел өтті.

Оған Шымкент қаласының полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков, «Жастар ресурстық орталығының» мамандары, кітапхана меңгерушілері, қала жастары мен қоғам белсенділері қатысты.

Іс-шара барысында қатысушылар жастар арасында нашақорлықтың алдын алудың маңыздылығын, оны іске асыруда жаңа идеяларды қолдану қажеттілігін, жастардың пікірін тыңдап, сол бағытта жұмыс жүргізуге шешім қабылдады. Сонымен қатар, мамандар нашақорлық пен есірткі пайдаланудың алдын алу бойынша алдағы жоспарларымен бөлісіп, бірлесіп жүзеге асыруға уәделесті.

Бұдан бөлек, Шымкент қаласының полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің мамандары және еріктілер есірткіні жарнамалау және насихаттау деректерінің алдын алу мақсатында сауда нүктелерінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Оның ішінде сатушылар мен сауда иелеріне ашық түрде есірткі заттары бейнеленген адамның сезімі мен түйсіктеріне бейсаналық әсер ететін, есірткі заттарына қызығушылығын қалыптастыратын немесе оларды қолдайтын бейнелер мен жазулары бар заттарды сатқаны үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілік қарастырылғаны айтылып, кәсіпкерлерге ақпараттық жадынамалар таратылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бұл мәселе баса айтылды.
“Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде.  Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып  жатыр. Есірткіні, тіпті, үйге әкеп беретіндер бар. Бұл-аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел.
Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс. Сондықтан, Нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажет”- деді Президент.

Басқа жаңалықтар

Back to top button