Шымкент

Жұмыскерлердің құқығы заңмен қорғалады

«Жыл басынан бері қалалық Еңбек инспекциясы азаматтардан түскен 730 өтінішті қарады. Нәтижесінде 114 тексеру жүргізіліп, 167 бұзушылық анықталды. Оның ішінде еңбек қатынастары бойынша – 145, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша 22 жағдай бар». Бұл туралы брифингте Шымкент қаласының Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Б. Қалжанов мәлімдеді.

Брифинг барысында еңбек заңнамасының, ұжымдық-шарттық қатынастардың сақталуы, өндірістік қауіпсіздік жайлы баяндалды.

— Жалақының уақтылы төленуі бойынша 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін мемлекеттік еңбек инспекторларының араласуымен 1024 жұмыскердің құқығы қорғалып, 42 кәсіпорындағы 945 жұмыскердің 454,3 млн.теңге көлеміндегі жалақы қарызы өтелді. Қазіргі уақытта 2 кәсіпорынның 72 қызметкеріне берешек 8.5 млн теңгені құрайтын жалақыны өндіру бойынша жұмыс жүргізілуде, – деді Бауыржан Ахметәліұлы.

Мемлекет басшысының 2020 жылғы 22 қазандағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде жұмыскерлер еңбегінің қауіпсіздігін және қорғалуын бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған «Халықтық бақылау» жобасын ірі кәсіпорындарда енгізу туралы тапсырмасы берілген. Бүгінгі күнге қаладағы 18 кәсіпорын жобаны енгізді. Сондай-ақ, 2019 жылы 17 маусымда Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы және Қазақстанның атқарушы органдары арасында «Vision Zero – Нөлдік жарақат» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Атқарылған шаралар нәтижесінде тұжырымдамаға қаламыздағы 70 кәсіпорын қосылды. Қаламыздағы кәсіпорындар мен мекемелерде тұрақты түрде қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында мониторинг жүргізіліп отырады. Жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша бүгінгі дейін қаладағы 1 452 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі бойынша өндірістік кеңес беріліп, 1061 жұмыс орнына зиянды және қауіпті еңбек қауіпсіздігі бойынша аттестациялау жүргізілді. Сондай-ақ, 144 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша халықаралық және ұлттық стандарттар енгізілген. Өңіріміздегі 4 кәсіпорынның қызметі декларацияланып, «Сенім сертификаты» тапсырылды.

Back to top button