Жаздың соңғы күндері ауа райы қандай болады
Қазгидромет синоптиктері 29 тамыз-1 қыркүйек аралығына арналған үш күндік ауа райы болжамын ұсынды, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Алдағы үш тәулікте республиканың басым бөлігінде ауа райының тұрақсыз сипаты сақталады.
Найзағай жарқылдап, қатты жел тұрады, жаңбыр, сондай-ақ бұршақ та жаууы мүмкін.
Қазақстанның солтүстік-батысында, солтүстігінде, орталығында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында қатты жаңбыр жауып, ауа температурасы біртіндеп төмендей береді.
Ауа температурасының ең қатты төмендеуі республиканың солтүстік-батысында, солтүстігінде байқалады.
Түнгі уақытта ауа температурасы 3-11 жылыға дейін, күндіз 10-18 жылыға дейін төмендейді.
Тек еліміздің шығысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында кезеңнің басында жылы болады.
Содан кейін 1 қыркүйекке қарай температура түнде 10-15 жылыға дейін, күндіз 20-25 жылыға дейін төмендейді.