Шымкент

Үйін тартып алған: Шымкентте тағы бір алаяқтық жайты әшкереленді

Алаяқтық – бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену. Қарапайым сөзбен айтқанда алаяқтық -алдау және сенімге қиянат жасау жолымен бөтен мүлікті ұрлау болып табылады.

Тұран АПБ-на жергілікті тұрғын алаяқтықтың құрбаны болғанын айтып арызданды. Ол өз шағымында, 2 жыл бұрын банкте кепілде тұрған үйді сатып алғанын, сатушыға 2 миллион теңге қолма-қол беріп, 9 млн. 500 мың теңге кепіл несиені өзі өтеуге келіскенін жеткізді.

Үй иесі несиені толық төлеп болған соң , жылжымайтын мүлікті сатып алушының атына аударып беремін деп сендірген. Қарыз өтелген соң сатушы сөзінен айнып, оны үйден шықпай жатыр деп сотқа берген. Нәтижесінде сот, үйді босату туралы шешім шығарды.

2 баласымен далада қалған әйел алаяққа алданғанын түсініп, Тұран АПБ-на арызданды. Істі анықтау бөлімінің бастығы Өмірбек Дәулет және анықтаушы Ортай Абзал назарға алып, оқиғаның мән-жайын нақтылауға кіріскен.

« Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190 бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді. Тергеу барысында баспананың заңды иесінен және банк қызметкерлерінен жауап алынды. Ер адам өз кінәсін толық мойындап, үйді сатып алушының атына аударып берді. Нәтижесінде, екі тарап өзара келісімге келіп, жәбірленуші арызын кері қайтарып алу туралы өтініш жазды» – дейді Тұран АПБ-ның анықтаушысы А.Ортай.

Өз кезегінде, арызданушы азаматша тәртіп сақшыларының кәсібилігі мен адалдығына алғыс білдірді.

Сондай-ақ, Шымкентте қазақстандықтардың есепшотынан 65 миллион ₸ астам ақша жымқырған киберқылмыстық топ сотталды. Тергеу амалдары интернет алаяқтардың құрбаны болған қала тұрғынының арызынан басталды. Банктің жалған қызметкерлеріне сенген азамат 4 миллион теңгесінен айырылған. «Банкирлер» белгісіз нөмірден қоңырау шалып, оның қаржысына қол сұғу ықтималдығы туралы хабарлап, ақшасын сақтап қалу үшін телефон арқылы бірнеше онлайн операцияларды орындауын сұрады. Осылайша, қала тұрғыны екі несие рәсімдеп, оларды “қауіпсіз” шоттарға аударған.

Back to top button