Шымкент полицейлері қалааралық такси жолаушысынан қапшық толы марихуана тапты
«Қарасора» ЖПІШ барысында қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері патрульдік полицейлермен бірлесіп есірткінің ірі партиясын тасымалдауды тоқтатты .
Түнгі уақытта Жібек жолы көшесіндегі қаланың кіре берісінде тәртіп сақшылары Тараз – Шымкент қалалары арасында жолаушылар тасымалымен айналысатын «Opel» маркалы автокөлікті тоқтатты.
Таксидің бүкіл салонын жалға алған әйелдің үлкен жол сөмкесін тексергенде, жедел уәкілдер есірткіге ұқсас заттары бар полипропилен пакетін тапты.
– Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген заттар жалпы салмағы 10 келіден асатын кептірілген марихуана екені анықталды. Аталған жайт Қаратау АПБ-да «есірткі заттарын аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында тасымалдау» бабы бойынша СДТБТ-не тіркелді. Күдікті қамауға алынды. – деді тергеуші Сержан Кеңес.
Айта кетейік, аталған қылмысты жасағаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінде 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Еңбекші АПБ-ның 102 арнасына жергілікті тұрғын есірткі қойып жүрген жас жігітті оқиға орынында ұстап алғанын айтып хабарласты. Шақырту бойынша жедел тергеу тобының қызметкерлері дереу оқиға болған аумаққа барды.
Күдіктінің жеке басын тінту барысында, смартфонынан телеграмм чат арқылы белгісіз тұлғамен хат алмасып, оның нұсқауларын бұлжытпай орындағаны анықталды . Кейін, тәртіп сақшылары оның есірткі қойып кеткен жерлерін жеке-жеке тінтіп, жасырылған ұнтақтарды айғақ зат ретінде тәркіледі.
Нәтижесінде, құқық бұзушы бір күнде 18 орынға полиэтиленді пакетке салынған есірткіге ұқсас заттарды тығып үлгергені белгілі болды. Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген заттардың синтетикалық есірткі екені расталды.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 297-бабы 2-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша СДТБТ-не тіркелді. Белгілі болғандай жас жігіт 3 айдан бері “курьер” болып жұмыс істеген және күніне орта есеппен 20-25 орамды қойып кетумен айналысқан. Қазіргі таңда, күдікті қамауда . Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.