Шымкент

Шомылуға тыйым салынған орындарда түсіндірме жұмыстары жүргізілді

Еңбекші ауданының жастары мен Еңбекші ауданы ТЖБ қызметкерлері аудан аумағына қарасты шомылуға тыйым салынған орындарда ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Мақсаты – төтенше жағдайларда болуы ықтимал апат оқиғалары кезінде алғашқы көмек көрсете білудің қарапайым жолдарын үйрету және алдын алу.

Түсіндірме жұмыстарының барысында тұрғындарға суға шомылу барысында балаларды қараусыз қалдырмау, белгіленбеген су арналарының жағалауында суға шомылуға қатаң тыйым салынатынын хабарлап, қауіпсіздік ережелері көрсетілген жадынама парақшаларын тарқатты.

Суда  абай  болыңыз!
Жыл сайын суда көптеген адамдардың опат болатыны ешкімге де жасырын емес. Опат болудың негізгі себептері – жабдықталмаған жерлерде шомылу, балаларды қараусыз қалдыру, жүзе білмеседе терең жерлерде шомылу және мас күйінде суға түсу.
Суға шомылу кезіндегі ережелер
– Тек қана суға шомылу үшін бөлінген жағажайлар мен орындарды пайдаланыңыздар.
– Қоршау белгілерінен әрі бармаңыздар, тыйым салынған орындарда суға шомылмаңыздар.
– Ата-аналар және балалар мекемелерінің жетекшілері!  Балалардың қадағалаусыз шомылуына жол бермеңіздер!
– Мас күйде суға шомылуға тыйым салынады.
Суға шомылушыларға кеңес
– Суға абайлап кіріңіз. Денеңіздің суға бейімделуіне мүмкіндік беріңіз.
– Өзіңізді қалтырауға дейін жеткізбей, 10-15 минутқа дейін ғана шомылыңыз.
– Аяқ-қолыңыз тартылған жағдайда – сасқалақтамаңыз, су бетінде қалуға тырысыңыз және көмекке шақырыңыз.
– Жүзе білмесеңіз, белден жоғары тереңдікке бармаңыз.
-Суға жалғыз шомылмауға тырысыңыз.
-Мас күйде суға шомылуға болмайды.
– Ағысқа түсіп кеткен жағдайда ағысқа қарсы жүзбеңіздер, ағынды жағаға жақындауға пайдаланыңыздар.
– Иірімге түсіп кетсеңіз, үрейге бой алдырмаңыз, терең дем алып, су астына сүңігіңіз де, ағыспен су бетіне шығыңыз.
– Суда тентектіктерге жол бермеңіз. Апат туралы жалған дабыл бермеңіздер. Бір-бірлеріңізден көз жазып қалмаңыздар.
– Қыздырылған күйі суға кіруге және тамақ іше салып суға түсуге болмайды.
– Егер өзіңізді нашар сезінсеңіз, суға шомылуды дереу тоқтатыңыз.
– Үлкен толқындар кезінде шомылмаңыздар және таныс емес орындарда суға секірмеңіздер. Қайықтан, айлақтан және басқа су құрылыстарынан сүңгімеңіздер.

Back to top button