Шымкент

Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын-алу мақсатында жұмыстар жалғасуда

Шымкент қаласы аумағында кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын-алу мақсатында беймезгіл уақытта заңды өкілінсіз жүруін анықтау үшін түнгі рейд өтті.

Түнгі рейд жұмыстарына – Жастар ресурстық орталығы қызметкерлері мен Әл-Фараби ауданының полиция қызметкерлері қатысты.

Профилактикалық жұмыстар Әл-Фараби ауданына қарасты жастар көп шоғырланатын орындар мен ойын-сауық орталықтарында жүргізілді. Онда Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кәмелеттік жасқа толмаған жастардың түнгі 23.00-ден кейін заңды өкілінсіз көшеде немесе ойын-сауық орталықтарында жүруге тыйым салынатындығы жайлы ескертіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Еске сала кетейік, балалардың түнгі уақытта көшеде жүруіне қатысты заңда жауапкершілік көзделген.

Бұдан бөлек, Аутрич және NEET жастармен жұмыс бөлімі, Қаратау ауданы әкім аппараты қызметкері мен Шымкент ҚПД Қаратау АПБ ЖПқБ УПИ полиция аға лейтенантының қатысуымен «Diamond Рlaza» сауда орталығында есірткі заттарын насихаттау мен жарнамалаудың алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Жауапты мамандар жеке кәсіпкерлерге адамның сезімі мен түйсіктеріне бейсаналық әсер ететін, есірткі заттарына қызығушылығын қалыптастыратын немесе оларды қолдайтын бейнелер мен жазулары бар заттарды сатуға тыйым салынғанын ескертті. Сондай-ақ, сатушылар мен сауда иелеріне ашық түрде есірткі заттары бейнеленген киім-кешектерді, тұрмыстық бұйымдарды сатқаны үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілік қарастырылғаны жөнінде жеткізді.

Айта кетейік, бұндай әрекет ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 423-бабында (Есірткі, психотроптық заттарды және сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау) көрсетілген жауапқа әкеліп соғады.

Back to top button