BasNewsЖаңалықтар

Интернетте көлік құралдарын жалға беру туралы жарнамалардың көптігін байқаған жас жігіт қылмыстық жоспар құрған

Шымкентте 30 скутерді жалға алып, сатып жіберген астаналық ұсталды

Интернетте көлік құралдарын жалға беру туралы жарнамалардың көптігін байқаған жас елордалық тұрғын қаржылық жағдайын жақсарту үшін қылмыстық жоспар құрған. «Бизнес жоспарын» жүзеге асыру үшін Шымкентке келген.

Жігіт скутерлерді алдын ала төлем жасап, бір-екі айға жалға алған. Сосын оларды сатып жіберген немесе ломбардтарға өткізген.

Алаяқтық туралы арызбен 15 адам полицияға жүгінді. Тұран аудандық полиция басқармасының қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі «Бірнеше рет жасалған алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Қаскүнем келесі құрбаннан мотороллерді алуға келгенде ұсталды.

«Күдікті жалға берушілердің сеніміне кіре отырып, 30 скутерді иемденіп алған. Келтірілген жалпы шығын көлемі 12 миллион теңгеден асады. Қазіргі таңда тоғыз скутер тәркіленді. Ұсталған азамат қамауға алынды» – деді аға тергеуші Дінмұхамед Баймахан.

Полицей кейбір көлік құралдары еліміздің басқа аймақтарының тұрғындарына сатылғанын атап өтті. Криминалдық полицияның жедел уәкілдері оларды анықтауға және тәркілеуге бағытталған.

Бұдан бөлек, Шымкентте жұмысындағы сейфтен 7,5 миллион теңге ұрлаған жас жігіт сотталды . Абай АПБ-на 102 арнасы арқылы жеке кәсіпкер арызданды. Ол өз шағымында көлік жөндеу орталығындағы сейф ішінен 7 млн 500 мың теңгесі ұрланғанын жеткізді.

Оқиға орнына жедел-тергеу тобы барды. Қызметкерлер ғимарат маңындағы бейнекамераларды тексеріп, күдіктінің жеке басын анықтады. Ол сол орталықта дөңгелек жөндеумен айналысатын жұмысшы болып шықты. Оңтайлы сәтті пайдаланған жас жігіт түн ортасында көлік жөндеу орталығына терезе арқылы кіріп, сейфтен ақшаны алып, ізін суытқан. Аталған жайт Абай АПБ-да ҚР ҚК-нің 188-бабы 4-бөлігі 3- тармағы «Аса iрi мөлшерде жасалған ұрлық» бойынша тіркелді.

Полицейлер жан-жақты жедел іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, 23 жастағы Түркістан облысының тумасы қала аумағында ұсталды. Тергеу барысында ер адам сейф ішінде қомақты қаражат сақталатынын байқап, қылмысқа алдын ала дайындалғаны анықталды. Ал, ұрланған ақшаны жеке қажетіне жаратып жіберген.

Back to top button