Алматыда жүк көлігі 17 жастағы мопедисті қағып кетті
Алматыда 17 жастағы мопедисті жүк көлігі қағып кетті. Жасөспірім оқиға орнында көз жұмды, ал оның жолаушысы ауруханаға жеткізілді, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Күні кеше сағат 15:45-те 61 993 авиациялық-шабуылдау бөлімшесінің жанында адам өлімі орын алды.
«1990 жылы туған КамАЗ жүргізушісі Красногорская көшесімен оңтүстік бағытта келе жатып, оңға бұрылған сәтте 2006 жылы туған азамат А. басқарған мопедпен соқтығысқан», – делінген хабарламада.
Алған жарақаттарынан мопед жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Ал жолаушысы зардап шекті. Аталған дерек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Сараптама тағайындалды.
Айта кетейік, күні кеше Алматыда жүк көлігі самокат мінген жасөспірімді басып кеткен еді. Жол апаты Тимирязев көшесінде болған.