Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі 8 жылға сотталды
Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі Ермек Имантаевтан 199 миллион теңге өндіріліп, сегіз жылға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
«Сот Ермек Имантаевты кінәлі деп танып, өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айыру және 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Азаматтық талап қанағаттандырылып, сотталған азаматтан мемлекет кірісі ретінде 199,4 млн теңге өндірілді», – делінген Ақтөбе қалалық №2 сотының хабарламасында.
Еске салсақ, Имантаев аса ірі мөлшерде бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін жымқыру (ҚР ҚК 189-бабы) бойынша айып тағылып, сотқа берілді.
«Имантаев Е., «Ақтөбе» ӘКК басқарма төрағасы бола тұра, Садовое тұрғын алабындағы 24 гектар жер телімін 10 есеге арзандатылған бағамен заңсыз сатып жіберген. Жауапкер жер телімінің нарықтық құнын қасақана 20 миллион теңгеге дейін төмендетіп, жер учаскесі туралы жалған ақпарат беріп, иеліктен шығарылған жер учаскесі үшін төлем жасалмағанына қарамастан, жалған сатып алушы С.-мен заңсыз сатып алу-сату шартын жасасқан», – делінген соттың хабарламасында.
Жер телімінің нысаналы мақсаты «жеке тұрғын үй құрылысынан» «көпқабатты тұрғын үй құрылысына» өзгертіліп С. есімді тұлғаға қайта рәсімделгені көрсетілген.
«Шағын аудандағы 17,2 гектар жердің бір бөлігін төрт жер теліміне айырбастаған азамат С. тұрғын үй салушыларға одан әрі сату үшін Имантаевтың нұсқауымен азамат С. жоғарыда аталған жер телімдерінен Батыс-3 ықшам ауданындағы үш жер учаскесі және Садовое тұрғын алабындағы 2,3 гектар жердің қалған бөлігі алынып, үшінші тұлға К-ға қайта тіркелген», – делінген хабарламада.
Осылайша, бұрынғы әкім акционерлік қоғам атынан мемлекетке аса ірі көлемде 199,4 миллион теңге залал келтірген.
Имантаев 2002-2004 жылдар аралығында Ақтөбе облысының әкімі қызметін атқарған. 2019 жылдың 20 қарашасында Имантаев «Ақтөбе» ӘКК басқарма төрағасы болып тағайындалды, ал 2021 жылдың наурызында бұл қызметтен кетті. Осы жылдың ақпан айында Ермек Имантаев қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айыппен қамауға алынды.