Боранбаевтың компаниясы мемлекетке сыйға тартылды
«Phystech II» АҚ көмірсутек өндіру компаниясы Қазақстанға 100 пайыз акция сыйға тартты, – деп хабарлайды basnews.kz KASE-ке сілтеме жасап.
Компания акционерлері қоғамның жай акцияларының 100 пайызын мемлекетке беру туралы шешім қабылдады.
KASE Қазақстан қор биржасының ресми тізімінде тұрған компания акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысының 4 қазандағы шешімі туралы хабарлады.
Дауыс беретін акциялардың 99,28 пайызы – «КазСтройПроект-А» ЖШС, тағы 0,72 пайызы – Қайрат Боранбаевқа тиесілі.
«Акционерлер мемлекеттік органдардың балансына қоғамның 13 749 100 жай акциясын мемлекет пайдасына өз еркімен және өтеусіз беру туралы шешім қабылдады, бұл қоғамның жай дауыс беретін акцияларының 100 пайызы. Жалпы бағаланған құны 35 миллиард 417 миллион 122 мың теңге», – делінген хабарламада.
«Phystech II» АҚ Маңғыстау облысындағы Солтүстік Қаражанбас мұнай кен орнында мұнай мен газды барлауды және өндіруді жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы компания.