«Алаяқтық» жасауға әуесқой азамат қала аумағында ұсталды
Жалған түбіртек көрсетіп, тегін ас ішкен Шымкенттік сотталды. Алаяқтық — бұл нарықтық экономика жағдайында және кәсіпкерлік қызмет еркіндігінде кең таралған қылмыстың түрі. 30 жастағы қала тұрғыны қоғамдық тамақтану орнында тегін ас ішіп, азық-түлікке ақша үнемдеуді шешкен. Кассирлерге төлем жасау кезінде ол электронды аударымның жалған түбіртектерін көрсетіп, екі күн ішінде 5-6 рет тегін тамақтанған.
Тұрақты келушіге алданғанын білген дәмхана қызметкерлері бұл туралы полицияға хабарлады. Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 190-бабы «алаяқтық» бойынша тіркелді.
Тұран АПБ-ның қызметкерлері мекеме камераларындағы бейнежазбаларды тексеріп, күдіктінің жеке басын анықтады. Оны іздеуге криминалдық полицияның жедел уәкілдері мен жергілікті полиция қызметінің инспекторлары жұмылдырылды. Тәртіп сақшылары ықтимал куәгерлерден жауап алып, ер адамның қозғалыс бағытын нақтылады. Үш күндік іздеу жұмыстарының нәтижесінде тегін тамақ ішуге әуесқой азамат қала аумағында ұсталды.
«Ұсталған адам , көктемде тонау қылмысын жасағаны үшін сот тағайындаған бас бостандығын шектеу жазасын әлі де өтеп жатқаны белгілі болды. Аталған жазаның өтелмеген мерзімін қосу арқылы сотталушы 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды»-, деді Тұран АПБ-ның анықтаушысы Ернұр Әбубәкір.
Айта кетейік, бүгінгі күні кең таралған қылмыстардың бірі – ол алаяқтық. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (әрі қарай ҚК) 190-бабының 1-бөлігінде алаяқтықтың түсінігі берілген. Алаяқтық – бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену. Қарапайым сөзбен айтқанда алаяқтық -алдау және сенімге қиянат жасау жолымен бөтен мүлікті ұрлау болып табылады. Аталған бап 4 бөліктен тұрады, соған байланысты алаяқтық үшін жаза түрлері де күшейтілген. Егерде кінәлі адам жай алақтық жасаған болса, яғни ҚК-тің 190-бабының 1-бөлігінде көрсетілген әрекеттерді жасаса ол 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.