Шымкенттің бас полицейі аудандық полиция басқармасын тексерді
Шымкенттің жаңа бас полицейі Әл-Фараби аудандық полиция басқармасына барып, тәртіп сақшыларының жұмыс барысымен танысты. Қалалық ПД бастығы Думан Таев алдымен аудандық бөліністің ғимаратында орналасқан көші-қон қызметі, жедел криминалистика, ақпарат және байланыс басқармасы, ӘПБ-ның қару айналымын бақылау бөліміндерін аралап, әр қызметтік бөлмені жіті тексерді.
Оның ішінде ғимараттың тазалығы, құрал-жабдықтардың ұқыптылығы, полицейлердің сырт келбеті мен нысанды киім үлгісіне дейін ерекше назар аударды. Сондай-ақ, жеке құрамды мәжіліс залына жинап, ұжымның ішкі ахуалы мен жұмыс нәтижесі туралы сөз қозғады.
Қызметкерлерге полицияның сервистік моделін жақсартуды оның ішінде халықпен ашық әрі тығыз қарым-қатынас орнатып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті сақтауда аса мұқият болуды тапсырды.
– Полиция қызметкерлері арасында заңдылықты сақтау мен тәртіпті нығайту мәселесі департамент басшылығының қатаң бақылауында. Әріптестеріміздің арасындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауымен “Integrity Check” пилоттық жобасы қолданысқа енгізілген болатын. Аталған жоба тәртіп сақшыларын парасаттылыққа тексеретінін естеріңізге сала кетейін. Сәйкесінше, өздеріңізден антқа берік, қызметке адал болуды талап етемін. Ар-намысты бәрінен биік қойып, иықтарыңыздағы погонға сай, абыроймен еңбек етіңіздер, – деді Д.Таев.
Алдағы уақытта мегаполистің бас полицейі Абай, Еңбекші, Тұран және Қаратау аудандық полиция басқармаларының қызметкерлерімен кездеседі.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың 29 тамызы күні Шымкент қаласы Полиция департаментінің жаңа бастығы қала активіне таныстырылған болатын. Осы мақсатта қаламызға Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов арнайы келді. Полиция департаментінің басшылығына Думан Әшкенұлы Таев тағайындалды. Ол осыған дейін Ақмола облысы Полиция департаментінің бастығы болған. Таев Думан Әшкенұлы 1967 жылы 13 наурызда Солтүстік Қазақстан облысы Сергеев ауданы Көктерек ауылында дүниеге келген. Ішкі істер органдарындағы қызметін 1988 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің ІІБ ППҚ жеке ротасының милиционері болып бастаған. Қала әкімі Думан Әшкенұлын жаңа қызметімен құттықтап, қаланы қауіпсіз етуде бірлесе жұмыс жүргізуге дайын екенін жеткізді.