Көлік басқару құқығынан айырылса да, тізгіннен түспейтін шымкенттік қамауға алынды
Жедел басқару орталығының бақылаушы инспекторлары Қорғау қосымшасының көмегімен кезекті заң бұзушыны анықтады.
Автоматты жүйе Темірлан тас жолының бойында көлік басқару құқығынан айырылған азамат «Ravon R3» автокөлігін тізгіндеп бара жатқанын жеткізді. Инспекторлар “қауіпті жүргізушіні” тоқтату үшін патрульдік полиция полкінің автоэкипажына шұғыл бағыт-бағдар берді.
Нәтижесінде, тәртіп бұзушыны Ақпан батыр- Жібек жолы көшелерінің қиылысында тоқтату мүмкін болды.
Ер адамның құжаттарын тексеру барысында ағымдағы жылдың наурыз айында мас күйде көлік басқарғаны үшін 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылғаны белгілі болды.
Жергілікті тұрғынға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы 3-бөлігі «Көлiк құралын басқару құқығынан айрылған жүргiзушiнiң көлiк басқаруы» бойынша хаттама толтырылып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Темір тұлпар бірден айып тұрағына жеткізілді.
Айта кетейік, Шымкентте жыл басынан бері «Қорғау- қауіпті жүргізуші» қосымшасының көмегімен көлік басқару құқығынан айырылған 90 тұлға жауапқа тартылды.
Бұдан бөлек, Шымкент полицейлері Түркістаннан көлік ұрлап келе жатқан жас жігітті ұстады. Қала аумағында түнгі кезекшілікке түскен патрульдік полицияның №883 автоэкипажы Айбергенов көшесінің бойында Lada 21114 көлігін тоқтатты. Жүргізуші маневр жасау кезінде бұрылу белгісін қоспағаны үшін көзге түскен.
Тәртіп сақшылары жас жігіттің жеке құжаттарын тексеру барысында, жүргізуші куәлігі жоқ екенін анықтады. Аталған құқықбұзушылық үшін 20 жастағы азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы «Көлік құралын құжатсыз және басқару құқығынсыз адамның басқаруы» бойынша хаттама толтырылды.
Сонымен қатар, көрші аймақтағы әріптестер жіберген бағыттамаға сәйкес полицейлер көліктің Түркістан облысындағы үйдің ауласынан жарты тәуліктен аз уақыт бұрын ұрланғанын анықтады. Оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының жедел-тергеу тобын шақырды. Көлік тәркіленіп, ер адам полиция басқармасына жеткізілді.
Қазіргі таңда, көлік заңды иесіне қайтару үшін Түркістан облысының тәртіп сақшыларына берілді.