ЖаңалықтарШымкент

Полицейлер зорлық-зомбылықпен тонау жайтын тергеп жатыр

Шымкентте сатушы әйелді ұрып, дүкен тонаған ер адам көңіл көтеру орнынан ұсталды. Бас киімін төмен түсіріп киген күдікті түн ортасында азық-түлік дүкеніне сатып алушының кейпінде кірген. Сауда нүктесінде сатушының жалғыз екеніне көз жеткізгеннен кейін, ер адам оған шабуыл жасаған. Қорғансыз әйелді жерге құлатып, бірнеше рет соққыға жыққан соң кассадағы 50 мың теңгені алып, ізін суытқан.

Жәбірленуші бұл туралы полицияға хабарлады. Оқиға орнына дереу Әл-Фараби АПБ-ның жедел-тергеу тобы барды. Қызметкерлер куәгер болуы мүмкін азаматтармен сөйлесіп, бейнебақылау камераларының жазбаларын тексерген соң күдіктінің жүрген жерін анықтады.

Нәтижесінде, ер адам ізін суытпай бірнеше сағаттың ішінде тамақтану мекемесінде ұсталды. Белгілі болғандай, Түркістан облысының 26 жастағы тұрғыны тапқан олжасын бірден көңіл көтеруге жұмсаған.

Полицейлер зорлық-зомбылықпен тонау жайтын ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы 2-бөлігі бойынша тергеп жатыр. Ұсталған адам полиция департаментінің УҰИ-ға қамауға алынды.

Сатушылардың және сауда нүктелерінің кассалық аппараттарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әртүрлі дабыл түймелерін орнату және электронды құлыптарды пайдалану ұсынылады, сонымен қатар қауіпсіздік жүйелерін үнемі тексеріп отыру маңызды екенін еске саламыз.

Шымкентте көршілерінің көлігін аккумуляторсыз қалдырған әккі ұры ұсталды. Тұран АПБ-ның қызметкерлері ұқсас мазмұнды арыздар бойынша бес ұрлық дерегін тіркеді.

Көршілес орналасқан екі көшенің тұрғындары Қазығұрт шағын ауданының аумағында автокөлік батареяларын ұрлаумен айналысатын белгісіз біреу барын айтып шағымданды. Арызданушылардың сөзінше қаскүнем түнде аулада тұрған көліктердің аккумуляторларын алып кеткен.

Полицейлер оқиға болған жерлерден күдіктіні анықтауға мүмкіндік беретін барлық айғақтарды жинады. Жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесінде әккі ұрының жеке басы анықталды.  Ол жәбірленушілердің бұрын сотталған 25 жастағы көршісі болып шықты. Ер адам шартты түрде жазасын өтеп жатқан қылмысын қайта жасап үлгерген. Қазіргі таңда, ұрланған заттардың бір бөлігі заңды иелеріне қайтарылды.

Back to top button