Шымкент

Отбасының бақыты – сыйластықта

«Отан – отбасынан басталады», — дейді. Әрбір отбасы мықты болса, кез келген мемлекет те осал болмасы анық. Мемлекеттің негізгі мақсаты – отбасының шаңырағын биік, керегесін кең, табалдырығын берік ету.

Шымкент қаласындағы №3 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары азаматтық қорғау майоры Олжас Тұрсынбеков және М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының Шымкент қаласы оқу орталығының бас маман-психологы азаматтық қорғау аға лейтенанты Әйгерім Сайрамбаймен бірге бір ұл тәрбиелеп отырған бақытты отбасы.

М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының Шымкент қаласы оқу орталығының бас маман-психологы азаматтық қорғау аға лейтенанты Әйгерім Сайрамбай: ««Сүтпен енген сүйекпен кетеді» дейді дана халқымыз. Шынында да, бала жасында сәбиге қандай тәрбие берілсе, ержеткенде де ол сол әдетімен кетуі мүмкін. Қандай заман туса да, ұлтымыздың қанындағы ізеттілік дөрекілікке, қайырымдылық қатыгездікке, жомарттық тоғышарлыққа, адалдық арамдыққа, парасаттылық парасыздыққа ауыспасын деп тілейміз. Жалпы, адам баласы өзінің өмірінде сүйіспеншілік, таңқалу, өкпелеу, қуаныш пен қайғы, мейірім мен шапағат сезімдерінің жетегінде жүреді. Осы сезімдерді шегінен асырмай тізгіндеп, оларды тұрақтылық пен тепе-теңдікте ұстай білсе, ол адам, көп жағдайда өкінішке ұрынбайды. Осыдан келіп, ол бақытты шаңырақ иесі атанады».

Тындырылатын барлық жұмыстар, экономикалық, саяси әлеуметтік жағдайлар отбасындағы әрбір азаматтың жағдайын жасауға ыңғайланады. Отбасы – шағын мемлекет. Мемлекет әрбір отбасынан құралады. Оның жауапкершілігі отбасының әрбір мүшесіне қатысты. Отбасының алға қойған мақсаттары орындалып, бақытты  болуы үшін билік, қоғам, әрбір жеке адам бірігіп әрекет етуі керек.

Шымкент қаласындағы №3 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары азаматтық қорғау майоры Олжас Тұрсынбеков: ««Көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық» деген сөз бар. Яғни, «Құда болғанша, құлы мен биін сұрас, құда болған соң, құл да болса сыйлас». Ертеден қазақ ұлы ер жеткенде текті жерден қыз алуға, қызы бойжеткенде текті жерге тұрмысқа шығуына қатты ойланған. Қоғамнан орын алып жүрген кейбір келеңсіз жағдайлар ата-ананың осы жауапкершілікті төмендетіп алғанынан туындайды. Әрбір ата-ана балаларына болашақтағы ең үлкен жауапкершілік отбасы екенін түсіндіруі тиіс. Олар өзіне өмірлік жар таңдауда асқан жауапкершілікпен қарауы керек».

Back to top button