Ауа райының қолайсыздығынан 100-ге жуық апат: полицейлер астаналықтарға үндеу жасады
Астаналық жол полициясы нақтылағандай, 4 желтоқсан сағат 20:00-ден 5 желтоқсан сағат 9:00-ге дейін елордада 93-ке жуық жол-көлік оқиғасы тіркелген.
«Ауа райының қолайсыздығына және жауын-шашынға байланысты жүргізушілерден аса сақ болуды, белгіленген жылдамдықты қатаң сақтауды, кенет тежеуге жол бермеуді және қашықтықты сақтауды сұраймыз», – делінген полиция хабарламасында.
Ведомстводағылар жүргізушілерге ғана емес, жаяу жүргіншілерге де ерекше сақтық танытуы керектігін баса айтты.
«Өз қауіпсіздігіңіз үшін көшелерді белгіленген орындардан кесіп өту керек. Жол қозғалысы ережелерін елемеу, атап айтқанда, жылдамдықты сақтамау қайғылы салдарға әкелуі мүмкін.», – делінген Астана ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Астанада ауа райының нашарлауына байланысты 2023 жылдың 5 желтоқсанында жолдар жабылып, бірінші ауысымдағы мектеп оқушылары қашықтықтан оқыту форматына көшетіні бұрын хабарланған болатын.