BasNewsЖаңалықтар

Түркістан облысында 3 700 шақырымға жуық жол қардан тазартылды

Бүгін Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың төрағалығымен өңірдегі ауа-райының салдарынан орын алатын жол қауіпсіздігі және қыс мезгіліне дайындық мәселесін пысықтау мақсатында жиын өтті. Мәжіліске Полиция және Төтенше жағдайлар департаменті, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, «Оңтүстік жол» мекемесі, «ҚазАвтожол» ҰҚ» АҚ өкілдері қатысып, атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады.

Жиын барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары жауапты сала өкілдеріне тазалық жұмыстарының кестесін талапқа сай пысықтауды және арнайы техникалардың қажеттіліктерін нақты анықтауды тапсырды. Сондай-ақ, осыған дейін жіберілген кемшіліктерді зерделей отырып, өзекті мәселелерді шешу қажеттігін ескертті.

Айта кетейік, жауған қардың салдарынан Жамбыл облысы тарапынан сағат 16:00 де жүк көліктеріне көлік қозғалысын шектеу туралы шешім қабылданған. Осы орайда, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Түркістан облыстық филиалы тарапынан Полиция департаментінің келісімімен, Түркістан облысы мен Жамбыл облысы шекарасында көлік кептелісінің алдын алу және оқыс оқиғаларды болдырмау мақсатында А-2 «Алматы-Ташкент» автожолының 593-654 шақырым аралықтарына жүк көліктеріне шектеу қойылды. Сондай-ақ, 12 желтоқсан түнгі сағат 23:40 шамасында Түркістан облысы арқылы өтетін республикалық маңызы бар А-2 «Алматы-Тараз-Шымкент-Ташкент» автомобиль жолының Шымкент-Тараз бағыты бойынша 593-654 шақырым аралығында қар мен қатты боран салдарынан барлық көлік түрлеріне шектеулер қойылды. Қазіргі таңда ол маңда 19 жол техникасы мен 37 адам жұмыс атқаруда.

Одан бөлек, «Оңтүстік жол» мекемесі тарапынан жалпы 3 688,4 шақырым жол қардан тазартылды. Тазарту жұмыстарына 76 арнайы техника пайдаланып, 201 адам жұмылдырылған. Жолдарда тайғақтың алдын алу мақсатында 885,5 текше метр инертті материалдар себілген. Жалпы өңірдегі жол қауіпсіздігі облыстық әкімдіктің қатаң бақылауында.

Back to top button