BasNewsЖаңалықтар

Шымкенттегі ХҚКО-ға арнайы жасақ басып кірді

ҰҚК-ның Шымкенттегі департаменті қызметкерлері былтыр «Азаматтарға арналған үкімет» филиалында жүргізген тінтуге қатысты тың мәлімет белгілі болды, – деп хабарлайды basnews.kz.

ҰҚК Tengrinews.kz ресми сауалына берген жауап бойынша, бұл Халыққа қызмет көрсету орталығында «тергеу үшін қызығушылық тудыратын материалдарды анықтау және алу мақсатында» тінту жүргізілген.

«Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент бойынша департаменті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 206-бабы 2-бөлігі «Мәліметтерді заңсыз жою немесе өзгерту» бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр», – деп хабарлады ҰҚК.

Шымкент прокуратурасы тінту кезіндегі ҰҚК департаменті қызметкерлерінің әрекетін заңды және негізді деп танығаны айтылды. Шымкент филиалының қызметкерлері қандай ақпаратты жоюға (немесе өзгертуге) әрекеттенгені көрсетілмеген.

«Соталды тергеп-тексеру, оның ішінде заңсыз әрекеттерге қатысы бар басқа тұлғаларды анықтау жалғасып жатыр», – деп толықтырды комитет.

Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 206-бабы 2-бөлігінде 2 мың АЕК (2024 жылы 7,3 миллион теңге – еск.) айыппұлдан екі жылға бас бостандығынан айыруға немесе бас бостандығын шектеуге дейін жаза қарастырылған.

Back to top button