Бишімбаевтың тағдырын негізгі үш сұрақ шешеді
6 мамырда өткен сот отырысында Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжанов сотта соңғы сөзін айтты. Бүгін, 10 мамырда сағат 10:00-де айыпталушылардың тағдырын шешетін сұрақтар құрылып, тұжырымдалады, – деп хабарлайды basnews.kz.
Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 653-бабы 1-бөлігіне сәйкес, алқабилер алқасы сұрақтарды талқылау және құрастыру кезінде сот отырысы залынан шығарылады.
Адвокат Данияр Байғабатовтың айтуынша, ҚПК кодекстің 653-бабы екінші бөлігіне сәйкес, әрбір тарап қойылған сұрақтардың мазмұны мен тұжырымы бойынша өз пікірлерін білдіріп, жаңа сұрақтар қою бойынша ұсыныстарын енгізеді.
Судья тараптардың ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып, кеңесу бөлмесінде сұрақтарды түпкілікті тұжырымдап, оларды сұрақ парағына енгізеді және оған қол қояды. Сот отырысы залына қайтып келгеннен кейін судья тараптардың және алқабилердің қатысуымен сұрақтар парағын оқиды.
Осыдан кейін сұрақтардың тұжырымын өзгертуге, сұрақ парағынан сұрақтарды алып тастауға немесе оған жаңа сұрақтарды енгізуге жол берілмейді.
«Әрбір сотталушыға қатысты келесі үш сұрақ қойылады:
- әрекет болғаны дәлелденді ме;
- сотталушы бұл әрекетті жасағаны дәлелденді ме;
- сотталушы бұл әрекетке кінәлі ме.
Айтпақшы, адам өлтіру, ерекше қатыгездікпен өлтіру, бұзақылық немесе пайдакүнемдік ниетпен өлтіру, кенеттен күшті эмоционалдық толқу жағдайында адам өлтіру, қажетті қорғаныс шегінен шыққанда, зорлау, тонау және т.б. жағдайда адам өлтіру сияқты нақты құқықтық терминдерді қолданып сұрақтар қоюға жол берілмейді», – деп түсіндірді адвокат.