Арыс қаласында өндіріс саласы өркендей бермек
Түркістан облысы Арыс шаһарында мұнай өңдеу зауыты келешекте ішкі нарықты қамтыйтын болады. Кәсіпорын жылына 125 мың тонна мұндай өнімдерін өңдейді.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Арыс қаласында мұнай өнімдерін өңдейтін «Қаратау Транс Сервис» зауытың жұмысымен танысты, деп хабарлайды basnews.kz.
Зауыт мұнай өнімдерін өңдеумен айналысады. Инвестиция көлемі 11 млрд. теңгені құраған. Зауыт басшылығы Арыста өндірілетін мұнай өнімдерімен ішкі нарықты қамтуды көздейді. Кәсіпкер өндіріс орнын кешенді дамытуға арналған алдағы жоспарларымен бөлісті.
Өндірісте 45 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын жылына 125 мың тонна мұндай өнімдерін өңдейді. Оның ішінде, жылына 26 180 тонна жанармай, 28 000 тонна дизель отынын, 12 420 тонна керосин мен 54 250 тонна мазут өнімдерін шығарады. Зауыт кәсіпкердің жеке қаражат есебінен салынған.
Жұмыс сапары барысында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Арыс қаласында орналасқан «Арыс» минералды су ЖШС-нің жұмысымен танысты. Табиғи минералды суға сұраныс жоғары. Мұнда тәулігіне 15 мың құты, жылына 18 млн. литр минералды су сатылымға шығарылады. 20-дан астам арыстық азамат жұмыспен қамтылған. Шипалы сусын 1870 метр тереңдіктен алынады. Судың емдік қасиеті мол, ол жөнінде курортология институтының қорытындылары алынған. Табиғи минералды ауызсу Арыс қаласы мен Түркістан облысының өзге аудандарына және көрші облыстарға жөнелтілуде.
Облыс басшысы Арыс қаласында өндіріс саласы өркен жайып келе жатқанын атап өтті.
«Арыста соңғы жылдарда тартылған инвестиция көлемі едәуір ұлғайды. Біздің міндетіміз – инвестиция тарту ғана емес, жаңа жұмыс орындарын ашу. Оның ішінде, жергілікті халықты жұмыспен қамту басты назарда. Сондықтан, бұл жұмыстарды ширату керек», – деді өңір басшысы.