«Киелі мекен»: Сайрамда «Қазақ ханы» монументі мен «Ханқорған» қорғанының аумағы тазартылды
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Киелі мекен» апталығы Түркістан облысы, Сайрам ауданында өз жалғасын табуда. Ханқорған ауылындағы «Қазақ ханы» монументі мен «Ханқорған» қорғанына сенбілік жұмыстары жүргізіліп, 150-ге тарта азамат жұмылдырылды.
Жалпы, Сайрам ауданында киелі орындар көптеп кездеседі. «Ханқорған» қорғанына қысқаша тарихына тоқталып өтсек.
Ханқорған қалашығы 1979 жылы анықталған. Ол жерден керамикалық бұйымдар, сондай-ақ осыдан 15 ғасырдай бұрын хан ордасы болғанын айғақтайтын құнды жәдігерлер көптеп табылуда. «Хан қорғанда» билік құрған ең соңғы хан Абылай болған екен. Қалашықтың биіктігі 9 метр, аумағы 3 гектар жерді алып жатыр. Ең үстіңгі қабаттан Абылай ханның өмір сүрген кезіне тиесілі көп жәдігер табылып, олар тарихшылардың талқысынан өтіпті.
Қасым хан да, одан кейінгі қазақтың ел билеушілері де Оңтүстік шекараны нығайтуда, мемлекеттің тұтастығын сақтауда Сайрамды маңызды стратегиялық орын деп қараған. Бұл аймақта қорғаныс шараларын күшейту мақсатында және сыртқы жаулардың басқыншылық әрекеттерінің күшейе түсуіне байланысты Абылай хан 1771 жылы Оңтүстіктің қалаларын қайтадан өзіне қаратып, Сайрамның жерінен, Арыс өзенінің бойынан бекініс салады. Халық оны «Ханқорған» деп атайды. Кейбір деректерде Арыс өзені бойындағы бұл тарихи орынды күллі қазақ үшін қасиетті жерлердің бірі деп жазылған.
Акция барысында киелі орындарда жаппай сенбілік ұйымдастырылып, «Ханқорған» қорғанының аумағын абаттандыру, тал егу, сырлау, әктеу және тазалық жұмыстары жүргізілді. Сенбілік жұмыстарына аудан жастары мен белсенді еріктілер қатысты.