BasNewsЖаңалықтар

Дархан Сатыбалды жас кәсіпкерлермен еркін форматта кездесті

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жергілікті кәсіпкерлермен еркін форматта кездесті. Өңірдің кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайының дамуына өз әсерін тигізетін жаңа жобалармен таныстыру мақсатында өткен басқосуда жас кәсіпкерлер облыс аумағында атқарып жатқан жұмыстарының барысымен және алдағы жоспарларымен бөлісті.

Жас кәсіпкерлер құрылыс, логистика, фармацевтика салаларына инвестиция салуға ниетті. Сондай-ақ Түркістан қаласындағы өндірістік паркте орналасқан жиһаз шығаратын кәсіпорын бағытын кеңейтуді жоспарлауда. Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы кәсіпкерлердің инвестициялық жобаларын толық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша және мемлекет тарапынан қажетті қолдау жұмыстары атқарылатынын жеткізді.

– Қазіргі уақытта кәсіппен айналысуға мүмкіндіктер өте көп. Біз кәсіпкерлердің бизнес идеялары мен старт-ап жобаларын іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Ол үшін барлық мүмкіндіктер бар. Өңірдің өзіндік кірістерін көтеруге жұмыла еңбек етуіміз керек. Жаңа жұмыс орындарын ашу өте маңызды. Соңғы жылдары елімізден шетелге жұмыс істеу үшін барғандар саны артуда. Сондықтан бізге экономиканы дамыту бағыттарын өзгертіп, жұмысты күшейту маңызды. Жастарымыз өте еңбекқор. Оларға өз өңірімізде ашылған зауыт – фабрикаларда еңбек етуіне жағдай жасағанымыз дұрыс. Мақсатымыз – Түркістан облысының жалпы өңірлік өнім көлемін екі есе арттыру. Экономиканы диверсификациялап, жұмыс орындарын ашу, өзіндік кіріс көздерін ұлғайтуға күш саламыз, – деді Дархан Сатыбалды.

2023 жылы облыс әкімінің бастамасымен Түркістан облысындағы кәсіпкерлерді Қытай Халық республикасына тәжірибие алмасу, жаңа технологияларды облысқа тарту мақсатында бірнеше рет іссапарлар ұйымдастырылды. Нәтижесінде облыс аумағында жаңадан фабрикалар салынып, шағын зауыттар саны артуда.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жас кәсіпкерлермен осындай кездесулердің алдағы уақытта жиі ұйымдастырылатынын және мемлекет тарапынан қолдау жұмыстарының көрсетілетін жеткізді.

Инвесторлар үшін Түркістан облысында бизнес климат жасалған. Облыс көлемінде 594 гектарды құрайтын 10 индустриалды аймақ және 580 гектардан тұратын арнайы экономикалық аймақтар бар. Бұл аймақтарда 49 кәсіпорын жұмыс істейді. Қосымша 39 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жүзеге асыру сатысында.

Екіншіден, шағын өндірістік парк құрылысы жүзеге асырылуда. Өндірістік парк аумағында 42 өндірістік ғимараттар салынуда. Өндірістік парктің 1-кезеңі аяқталып, 14 ғимарат іске қосылды. Жалпы 30,7 млрд. теңгеге 10 жобаны іске қосу жоспарланып, 24,2 млрд. теңгеге 7 жоба іске қосылды. Олардың қатарында тоңазытқыш өндіретін «UBC Group», әскери шатыр және жиһаз өндіретін «Aqniet Holding», жаңбырлатып суару және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын «BNK Group» компаниялары бар. Өндірістік парктің 2 және 3 кезеңдері (28 ғимарат) бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде, биыл тапсырылмақ. Бұл аймақтарда 70 млрд. теңгеден астам инвестиция сомасына өндіріс орындарын ашу жоспарланған.

Back to top button