Түркістан облысында 8 тіл білетін жас полиглот тұрады
Түркістан облысы, Жетісай ауданында 8 тіл білетін жас полиглот тұрады. Оның аты-жөні – Сачиди Шахназ Разандиқызы. Шахназ Түркістан облыстық иран этномәдени бірлестігінің мүшесі.
Ол 1999 жылы Абай ауылдық округіне қарасты Жүзімдік ауылында дүниеге келген. Ауылдағы №21 Ю.Гагарин атындағы ЖББМ-де 2017 жылы мектепті тәмамдаған. 2018-2022 жылдар аралығында Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде екі шет тілі мамандығы бойынша білім алған.
Шахназ қазіргі таңда сегіз тілді жетік меңгерген. Алты тілді бала кезден өз қызығушылығымен үйренген. Атап айтсақ, қазақ, орыс, өзбек, парсы, түрік, әзербайжан тілдері. Ал ағылшын тілі мен қытай тілін университет қабырғасында оқып жүріп үйренген. 2023-2024 жылдары аралығында «Шабыт» шығармашылық орталығында «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы жұмыс істеген.
– «Бір тіл білсең – бір адамсың, екі тіл білсең – екі адамсың» деген сөз бар. Мен шет тілдерін үйренуге бала кезімнен қызықтым. Өйткені тіл арқылы адам өзге елдің мәдениетін, ұлттық ерекшелігін танып-біліп, таным көкжиегін кеңейте түседі. Әлемге әйгілі ғұлама бабамыз Әл-Фараби жетпіске жуық тіл білген. Тіл білуінің арқасында рухани ілім-білім қалыптастырған. Шет тілін білген жақсы, әрине. Дегенмен, Қазақстанда тұратын азаматтарға айтарым, ұлтыңызға, жасыңызға қарамай, мемлекеттік тілді үйренуге ұмтылыңыз дегім келеді. Бұл – Отанға, елге деген құрметтің белгісі әрі мемлекеттік тіл барлығымызды біріктіреді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев таяуда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында «Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін. Біз біртіндеп осыған келе жатырмыз», деді. Сондықтан мемлекеттік тілді үйрену – әр қазақстандықтың азаматтық парызы деп есептеймін, – дейді полиглот қыз.
Шахназдың ендігі арманы – Қытай елінде білімін жетілдіріп, туған жерге оралып, өзінің жеке оқу орталығын ашу. Мектепте ұстаздық етіп, оқушыларды білім нәрімен сусындатқысы келеді.
Еске сала кетсек, бүгінгі таңда Түркістан облысындағы Ассамблея құрылымдарының ұйытқы болуымен мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеретін іс-шаралар өтуде. Өңірдің барлық аудан, қалаларында Мәдениет және туризм басқармасына қарасты тіл орталықтары жұмыс істейді. Өткен жылы осы курстарға 4 мыңға жуық адам қамтылды. Облыстағы этнос өкілдерінің 92 пайызы қазақ тілін жетік біледі, құрмет тұтады.