BasNewsЖаңалықтар

2024 жылы Түркістан облысында 621 жасқа жеңілдетілген шағын несие беріледі

Түркістан өңірінде 2024 жылы 621 жасқа 2,5 пайыздық шағын несие беру жоспарлануда. Жобаларды қаржыландыруға 3,1 млрд. теңге қарастырылып отыр. 2023 жылы түркістандық жас кәсіпкерлердің бизнес-жоспарларын қолдауға 2,9 млрд. теңге бөлініп, өз кәсібін ашуға ниетті 1 мыңға жуық үміткерден өтініш келіп түскен болатын. Облыс әкімінің Қаулысымен құрылған конкурстық комиссияда бизнес-идеялар қаралды.

Нәтижесінде өткен жылы 625 үміткердің бизнес-жобасы мақұлданып, қаражат толығымен игерілді. Жеңілдетілген шағын несие алып, кәсібін бастаған жастардың басым бөлігі мал шаруашылығы, егін шаруашылығы, наубайхана мен кондитерлік өнімдер шығару, жеңіл өнеркәсіп, сауда, қызмет көрсету, көлік және құрылыс салаларын қамтыды.

Айта кетейік, былтыр ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 21-35 жас аралығындағы азаматтарға 2,5 пайыздық шағын несие беру бағдарламасы іске қосылды. Мақсаты – жастардың кәсіп бастауына немесе оны кеңейтуіне, табыс көзін арттыруына қолдау көрсету. Жас кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарлама аясында мал шаруашылығы жобалары үшін мерзімі 7 жылды, бизнестің басқа түрлеріне 5 жылды құрайтын 5 млн. теңгеге дейін несие ала алады. Микрокредитті алушылар үшін негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі беріліп, мерзім ұзақтығы 3/1 аспайды.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Түркістан облыстық филиалы сенім білдірілген агенттік ретінде бекітіліп, құжаттар қабылдайды. Түркістан облысының Жастар ресурстық орталықтары тарапынан бағдарламаның тиімділігін насихаттау мақсатында ауыл-ауылды аралау, NEET санатындағы жастар мен оқу орындарында ақпараттық-түсіндірме жүргізу жұмыстарын бұл жылы да жалғастыруда. Өйткені, бағдарлама – жұмыссыздықты азайтуға ықпал жасайды.

Back to top button