Шардарада 100 отбасы баспаналы болды
Бүгін Шардара қаласы, 4-ші шағын ауданында 2 қабатты 6 тұрғын үйдің құрлысы аяқталып, тұрғын үй кезегінде тұрған жандарға берілді. Тұрғын үйді тапсыру шарасына аудан әкімі Арман Қарсыбаев арнайы барып, үйлі болған тұрғындарды құттықтады.
«Шардара ауданында тұрғын үй кезегінде тұрған аудан тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы» №736 қаулысына сәйкес, тұрғын үй кезегінде тұраған әлеуметтік осал топтағы азаматтар мен аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін 100 арендалық тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін «Ұлттық қор» мен республикалық бюджеттен қаржы қаралды. Ауданның жеке кәсіпкерлері Жалғасбаев Талғат, Бектасов Дәулетбек және Карабаев Ержан тарапынан 2 қабатты 6 тұрғын үйдің құрылыс-монтаж жұмыстарын толық аяқталып, өздеріңізге тапсырылып отыр. Бұдан бөлек, тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтары және аз қамтылған көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылдың соңына дейін тағы да 120 пәтер сатып алуды жоспарлап отырмыз», деді аудан әкімі.
Құттықтау сөзден соң аудан әкімі тұрғын үй құрлысын жүргізген кәсіпкерлерге Алғыс хат тапсырды. Сондай-ақ үй иелеріне салтанатты түрде түрғын үй кілтін табыстап, лентасын қиды.
Айта кетсек, Шардара ауданында тұрғын үй кезегінде тұрған 1420 мұқтаж тұрғынды, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтары және (немесе) аз қамтылған көп балалы 502 отбасыны үймен қамтамасыз ету мақсатында 2023-2026 жылдары жалпы 570 пәтер сатып алу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, 2023 жылы 100 пәтер сатып алынды, 2024 жылы – 120 пәтер, 2025 жылы – 150 пәтер, 2026 жылы 200 пәтер сатып алу көзделген.