BasNewsЖаңалықтар

Отырар ауданының әкімі тағайындалды

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен және Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалдының өкімімен Түркістан облысы Отырар ауданының әкімі болып Жолдыбай Қайрат Жолдыбайұлы тағайындалды. Жаңа әкімді ауданның активіне облыс әкімі Дархан Сатыбалды таныстырды. Аудандық мәслихат депутаттары аудан әкімі лауазымына ұсынылған Қайрат Жолдыбайұлының кандидатурасын қолдап дауыс берді.

Мұнан соң облыс басшысы аудан активімен кездесуінде өңір жетекшісінің алдына бірқатар міндеттер қойды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айқындап берген бағытта халықпен тығыз байланыста жұмыс істеуді, жаңа өндіріс орындарын ашып, тұрғындарды жұмыспен қамту, инвестиция көлемін арттыру бойынша жұмыстарды жүргізуді жүктеді. Ең алдымен, аудан тұрғындарына барынша қолайлы тұрмыстық жағдай жасап, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы саласын дамытып, ауыл, елді мекендерді жайлы, қауіпсіз, таза да көрікті аумаққа айналдыруды тапсырды.

– Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы қазіргі заман талабына сай әкімдерге жаңа талап қоюда, оның бастысы – тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсарту. Атқаруды қажет ететін бірқатар міндеттер бар. Атап айтқанда, жаңа өндіріс орындарын ашу, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету мәселелерін шешу. Инфрақұрылымды дамыту бағытында жұмыстарды күшейту. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша бірқатар жоспарлар бар. Басты міндет – Отырар ауданын жайлы да көрікті мекенге айналдыру. Ауданға түсетін табыс көзін арттыру керек. Ең үлкен көрсеткіш – адами капитал, ауданның халқы өте еңбекқор. Барлық көрсеткіштер бойынша ауданды алдыңғы қатарға шығаруға мүмкіндік мол. Қайрат Жолдыбайұлы осы өңірдің азаматы, бірқатар басшылық лауазымында қызмет атқарған, тәжірибелі азамат. Бұдан былай бірлесіп еңбек етесіздер деп сенемін. Әкім адал, таза жұмыс істесе, әділ болса, азаматтық ұстанымы берік болса, халық оны бірден байқайды. Кіріс көзін арттырып,

аудан экономикасын ілгерілетіп, тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға депутаттар мен активпен бірлесіп, осы міндеттерді атқаруды тапсырамын, – деді Дархан Сатыбалды.

Қайрат Жолдыбай өзіне сенім артқан барша азаматтарға алғыс айтып, киелі Отырар ауданының дамуы мен өркендеуі жолында бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты.

Қайрат Жолдыбайұлы 1981 жылы 5 мамырда Шардара қаласында өмірге келген. Білімі жоғары, біліктілігі экономист-менеджер. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының мемлекеттік және жергілікті басқару бойынша магистрі. Еңбек жолын 2003 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Жоғары оқу орындарын және ғылымды қаржыландыру бөлімінің жетекші маманы болып бастаған.

2003-2023 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Мемлекеттік сатып алулар және жекеменшік бөлімінің жетекші маманы, ҚР Қаржы министрлігінің бірқатар комитетінде бас маман, бас сарапшы, бөлім басшысы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутатының көмекшісі, Шардара ауданы әкімінің орынбасары, Ордабасы ауданының әкімі, Шардара ауданының әкімі болып қызмет істеген.

Back to top button