Облыс әкімі Сауран ауданының тұрғындарына ҚР Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын» іске асыру жайлы кездесу өткізді
ҚР Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын» іске асыру мақсатында облыс әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қалаларда тұрақты түрде кездесу өткізіп келеді. Бүгін бұл үрдіс Сауран ауданында жалғасты. Жұмыс сапарымен барған өңір басшысы тұрғындармен кездесіп, бұған дейінгі атқарылған жұмыстарды баяндады. Алдағы жоспарларды пысықтап, ауданның дамыту жұмыстарына тоқталды.
– Халықпен кездесудің басты мақсаты – өңірдегі проблемалық мәселелерді шешу. Бүгін өздеріңізбен маңызды мәселелерді бірге талқылау үшін арнайы жиналып отырмыз. Мемлекет басшысы жаңа экономикалық үлгіге өту бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Оның бастысы – инвестиция тарту, яғни жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашу. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемді пайдалану мақсатында су үнемдейтін технологияларды кеңінен пайдалану. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдық жерлерге жолданған жас мамандарға қолдау көрсету мақсатында 2023 жылы 45 маманға 15 млн. теңгеге бірреттік көтерме жәрдемақы, 5 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 26 млн. теңге көлемінде бюджеттік несиелер берілді. Сондай-ақ елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасып жатқанын білесіздер. Сіздерді күнделікті үйіміздің айналасын көшелерімізді таза ұстауға және көгалдандыруға өз үлестеріңізді қосуға шақырамын. Әркім ортақ іске өз үлестерін қосатын болса, өңіріміз көркейе түседі. Барлығымыз бірлесе отырып, қоғамда экология мәдениетін қалыптастыруымыз қажет, – деген облыс әкімі аудан әкіміне «Таза ауыл», «Үздік көше» секілді экологиялық байқауларды өткізуді тапсырды.
Жиын барысында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров сөз алып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша 2023-2024 жылдары атқарылып отырған жұмыстар туралы баяндады. Ауылдық жерлерді дамыту мақсатында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Сауран ауданында 2023 жылы 5 елді мекенде 16 жобаны іске асыруға 3,2 млрд.теңге бөлінді. Ал биыл 5 елді мекенде 12 жобаны іске асыру үшін 2,1 млрд.теңге қаралды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 33 пайызға өсіп, 2023 жылы 120 млрд. теңгеге жеткен. Ал шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 2 есеге өсіп, өткен жылы 7 мыңға жуықтаған.
Облыста жалпы саны 330 мектепті жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін АҚШ-тың белгілі инженері Илон Масктің «Starlink» спутниктік интернет құрылғысын орнату жұмыстары басталып, бүгінде 329 мектепте орнатылды. Оның ішінде Сауран ауданында 13 мектепте толық іске қосылды. Бұған дейін интернеттің жылдамдығы секундына 20 мегабитке жетпейтін болған, қазіргі кезде 200 мегабитке жетіп, сапалы қызмет көрсетіліп жатыр.
Кездесуден соң облыс әкімі тұрғындарды жеке қабылдап, олардың көтерген мәселелерін тыңдады. Ашық форматтағы қабылдауға құқық қорғау органдары мен жауапты басқарма басшылары да қатысып, оңтайлы шешу жолдарын қарастырды.