Дархан Сатыбалды Түлкібас ауданына барды
Түлкібастың құнарлы топырағында өсетін алмасы бүгінде алыс-жақын шетелдерге танымал брендке айналды. Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей нарығында үлкен сұранысқа ие. Ауданда алма бағын дамыту қарқынды түрде жалғасып келеді.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының Түлкібас ауданына сапары барысында Шақпақ ауылдық округіндегі «Кен-Тау» ЖШС-іне арнайы барды. Мемлекет тарапынан кәсіпкерге қолдау көрсетілуде. Соңғы 12 жыл бойы қарқынды алма бағын өсірумен айналысып келе жатқан серіктестік 240 гектарға алма бағын отырғызған. Израильден алынған су үнемдеу технологиясын пайдаланып, 30 гектар жерге қарқынды алма бағын өсіруде. Жыл сайын 4-6 мың тонна көлемінде өнім жиналады.
«Кентау» ЖШС-нің 2200 тонна алма сақтайтын қоймасы бар. Кәсіпкер қыс мезгілінде алмаға сұраныстың артуына байланысты, қосымша 2 мың тоннадан астам алма сақтайтын салқындатқыш қойма салуды жоспарлап отыр. Осылайша, қыс мезгілінде 4400 тоннаға дейін экологиялық таза Түлкібас алмасын саудаға шығаруды көздейді.
Жалпы, Түлкібас ауданында алма бауының көлемі 3 мың гектарды құрайды, оның ішінде 700 гектардан астамы қарқынды бау алқабы.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың су үнемдеу технологияларын пайдаланып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру тапсырмасына сәйкес, биыл Түлкібас ауданында 55 гектар жерге тамшылатып суару технологиясын енгізген қарқынды алма бауы отырғызылды.