Бектенов тасжолдардағы ұялы байланыс сапасын сынға алды
Премьер-министр Олжас Бектенов қала сыртындағы жолдарда ұялы байланыстың нашарлығы мәселесін көтерді. Ол жол апаты жағдайында зардап шегушіде көмекке шақыру мүмкіндігі де болмайтынын айтты, – деп хабарлайды basnews.kz.
Атап айтқанда, премьер-министр Қарағанды-Алматы тасжолын атап өтті.
«Қала маңындағы жолдардың тағы бір проблемасы – ұялы байланыстың нашарлығы. Мысалы, Қарағанды – Алматы тасжолы үш облыстың аумағы бойынша – жалпы ұзындығы 500 шақырым учаскеде ұялы байланыс жоқ. Жол-көлік оқиғасы болған жағдайда зардап шегушінің жедел жәрдем қызметін шақыруға мүмкіндігі жоқ. Цифрландыру министрлігі автожолды мобильді байланыспен қамтуды жеделдетуі қажет», – деді Бектенов Үкімет отырысы барысында.
Сондай-ақ, жолдардағы қозғалыс қауіпсіздігін бақылайтын бейнекамералар мен басқа да құралдар жеткіліксіз, «кейбір жерлерде олар жұмыс істемей тұр», деп қосты премьер-министр.