BasNewsЖаңалықтар

Бүгін Өскеменде 600 орындық жаңа мектеп ашылды

Бүгін, 1 қыркүйек – Білім күні Өскемендегі Нұрлы жол шағын ауданында ірге көтерген жаңа мектепте алғашқы қоңырау соғылды. Қазақ тілінде білім беретін оқу ордасының лентасын Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев пен Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, жазушы Әлібек Қаңтарбаев қиды.

Жаңа мектеп 600 балаға арналған. Екі ауысыммен жұмыс істейтін болғандықтан жиыны 1200 баланы қамтуға әлеуетті.

Заманауи үлгіде салынып, материалдық-техникалық базасы талапқа сай жабдықталған №50-ші білім мекемесінде жас ұрпақтың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Мұнда инклюзия кабинеті, асхана, спорт залы, дәрігер кабинеті, үш шеберхана, радиоорталық, сенсорлық бөлме, ата-аналарды қолдау орталығы, мұрағат, кітапхана, роботты техника кабинеті және зертханасы, акт залы, психологиялық қызмет және логопед кабинеті бар.

– Бүгін өскемендіктер үшін тарихи сәт! Облыс орталығы қарқынды өсіп, жаңа ықшамаудандар салынып, олардың әлеуметтік инфрақұрылымы бүгінгі заман талабына сай жасалып жатыр. Соның бір көрінісі – жаңадан ашылып тұрған осы мектеп. Бұл білім ордасы елімізде Президенттің тапсырмасымен бой көтеріп жатқан «Жайлы мектептерден» еш кем емес. Барлық жағдай жасалған. Ахмет Байтұрсынов: «Елді түзеу, бала оқыту ісінен басталуы керек» деп айтқан. Сондықтан білім саласына мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінуде. Биылдың өзінде облыста бұдан бөлек тағы екі мектеп жыл соңына дейін Зайсан ауданы мен Жаңа Бұқтырма кентінде ашылады. Сонымен қатар өңірде жеті «Жайлы мектептің» құрылысы басталды. Мұның бәрі халықтың, өсіп келе жатқан ұрпақтың игілігі үшін істеліп жатыр, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев.

Мектеп басшылығының айтуынша, жаңа білім ордасында барлығы 24 сынып оқиды. Оның сегізі бастауыш болса, 10-ы орта буын, төртеуі жоғары буын сыныптары. Бұдан бөлек екі мектепалды даярлық сыныбы бар. Нұрлы жол шағын ауданында жаңа білім беру ұйымының ашылуы балаларды тұрғылықты жері бойынша қабылдаумен қатар педагогтарға жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туғызып отыр.

– Өзім осы ауданда тұрамын. Бұл күнді көптен күттік. Құрылыс барысын күнде көріп жүрдік. Үлкен жұмыс атқарылды, қаншама еңбек, қаншама тер төгілді. Облыстың, қаланың басшылығы көп күш салды. Бұл мектеп Өскемендегі ең заманауи, маңдайалды білім ордаларының бірі болады деп ойлаймын. Бүгін ұлым жаңа мектептің табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа барып жатыр. Бүлдіршіндеріміздің қадамы құтты, жолы ашық болсын, – деді Нұрлы жол шағын ауданының тұрғыны Дарын Нұрсапаров.

Back to top button