Шығыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы шаралар жалғасуда
Қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналған – белгілі Котлован жағалауында аумақты тазарту жұмыстары жүргізілді. Тұрғындар жағалаудан 200 қап қоқыс жинап шығарды.
Бұл жер ресми түрде жағажай болып саналмайды, бірақ келесі жылы бұл жағалауда жаңа өзгерістер орын алмақ. Бүгінгі таңда су қоймаларын жақсарту бойынша ауқымды жоба дайындалуда.
– Бүкіл балалық шағымыз осы су қоймаларда ойнаумен өтті деуге болады. Мұнда мен жүзуді үйрендім, отбасылық демалысты жиі өткізіп тұратынбыз. Жылдар өте келе мұнда қоқыс көбейіп, демалуға ыңғайлы болмады. Әрине, біз әр демалыстан кейін өз орнымызды жинаймыз, бірақ барлығын бақылауда ұстау мүмкін емес. Қазір осындай үлкен ұжыммен қоқыстың көп бөлігін жинап, шығарғанымызға қуаныштымын», – дейді қала тұрғыны Ангелина Сидоренко.
Өскеменде барлығы 100-ден астам эко-шара өткізілді. 492 аумақ тазаланып, 3871 шаршы метр қоқыс шығарылды, Қазақстан тауында 500 көшет отырғызылды, рұқсат етілмеген үйінділер жойылуда. «Таза ойындардың» 2 маусымы өткізіліп, соңғы маусымында 130-дан астам адам тартылып, 3 тонна қоқыс шығарылды. Ең көп қоқыс жинаған жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Сондай-ақ, Қазақстан көшесі қайта жөнделіп, Қабанбай батыр мен Пушкин көшелері бойында жаяу жүргіншілер аймағы және алаңдар абаттандырылуда, Назарбаев, Шәкәрім даңғылдары мен Қазақстан көшесі бойындағы үйлердің қасбеттері жөнделуде.
Қабанбай Батыр-Қазақстан, Қазақстан – М.Горький, Сәтбаев – Байбатчин қиылыстары аудандарында гүлдер отырғызылды, жаңа суару жүйелері іске қосылды.
Волонтерлер «Ардагерлерге тағзым» акциясы аясында жалғыз тұратын зейнеткерлерге тұрғын үйлердің аумақтарын тазалауға көмектесті.