BasNewsЖаңалықтар

Ақтөбе облысында оқушы өлтірілді

Ақтөбе облысында жасөспірімдер арасындағы жанжал 9 сынып оқушысының өлімімен аяқталды. Ауыл мектебінің 18 оқушысынан жауап алынып,  екі адам күдікті ретінде қамауға алынды, деп хабарлайды basnews.kz.

Ақтөбе облыстық ПД оқиғадан кейін қылмыстық істің қозғалғанын екі күдіктінің қамауға алынғанын жеткізді.

“Кәмелетке толмаған баланың қайтыс болу фактісі бойынша Темір ауданы полиция бөлімімен қылмыстық іс қозғалды. Жанжалдың барлық қатысушылары анықталып, полицияға жеткізілді. Екі күдікті үсталды. Тергеу әрекеттері жүргізілді. Өзге де ақпарат тергеу мүддесі үшін жарияланбайды”, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Төбелестен кейін қайтыс болған оқушы қазан айында 15 жасқа толуы керек болған. Марқұмның туыстары әзірге ешқандай пікір білдіре алмайтынын, тергеу амалдарының нәтижесін күтетінін айтты. Темір аудан әкімдігінің айтуынша, жанжалдың неден шыққаны әзірге белгісіз. Оқиғадан кейін 18 баланың аудандық полиция бөліміне жеткізілгені белгілі болды.

“Жас балалар арасында бір-бірімен келіспеушілік болды. Мән-жай тергеу кезінде анықталады. Кеше ата-аналарымен бірге 18 баланы мектеп автобусымен аудандық полиция бөлімшесіне алып келдік. Қазір әрқайсысынан жауап алып жатыр. Қалай болғаны әзірге белгісіз. Ол жердің балаларының бәрі тату, алдыңғы қатардағы ауыл еді. Балалардың бәрі спортқа жақын, волейбол, футбол, тенниске ойындарына белсене қатысатын”, – деді Темір ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Нұралы.

Ақтөбе облыстық білім басқармасы оқыс оқиғадан кейін зерделеу жұмыстарының күшейгенін хабарлайды.

“Темір ауданы,  Қопа ауылында кәмелетке толмаған оқушылар арасында төбелес болып, 9-сынып оқушысы оқиға орнында көз жұмды. Оқыс оқиға бойынша Қопа ауылына білім басқармасы басшысының орынбасары жетекшілігімен  жұмыс тобы жетіп, зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жұмыс тобының құрамында Ақтөбе облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл де бар. Сондай-ақ аталған мәселеге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды”, – деп хабарлайды білім басқармасы.

 

Back to top button