Республикалық халықтық штаб мүшелері білім саласының қызметкерлерімен кездесті
Өскемен қаласына арнайы жұмыс сапармен келген АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың мүшелері, ҚР Парламент Мәжілісінің депутатары Ерлан Саиров және Ұлықбек Тұмашинов білім саласының қызметкерлерімен кездесті.
Кездесу кезінде елімізге атом электр станциясын салудың маңыздылығы мен тиімді тұстары сөз болды.
«Атом электр станциясын салу мәселесі бір жылдың ішінде жан-жақты талқыланды. Демократия болғандықтан, жақтаушылар да, қарсылық танытушылар да болады. Меніңше, АЭС Қазақстанға қажет. Өйткені, экономика дамып келе жатыр. Экономика дамығанмен оған жеткілікті энергия көздері жоқ. Электр энергиясын Ресейден импорттап отырмыз. Мұның үстіне импорт қымбатқа түседі. Ал жалпы АЭС салуға қатысты соңғы шешімді референдум арқылы халық өзі қабылдайды», – деді Ерлан Саиров.
Болашақта атом энергетикасы дамып, электрмен және энергиямен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады деген үміт бар. Өйткені қазіргі уақытта 18 елде жалпы қуаты 57,6 ГВт болатын 56 реактор салынып жатыр. Беларусь, БАӘ, Бангладеш және Түркия сияқты елдер өздерінің алғашқы атом электр станцияларын салуда. Тағы 5 ел (Эстония, Польша, Египет, Сауд Арабиясы және Өзбекстан) алғашқы атом электр станцияларын салу үшін қажетті инфрақұрылымды белсенді дайындау үстінде.
«Біз бүгінгі күнді емес болашақ үшін ойлануымыз қажет. Себебі елімізде электр тамшылығы мен экологиялық жағдайдың нашарлауы сезілуде. Егер АЭС салсақ біз электр тапшылығынан құтылып ғана қоймай экологияның жақсаруына да ықпал етеміз»,- деді Ұлықбек Тұмашинов.