Сыр елінде «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев «Мерейлі отбасы-2024» байқауының облыстық кезеңінде жеңіске жеткен отбасыларды арнайы марапаттап, жерлестерін алдағы Конституция және Отбасы күні мерекелерімен шын жүректен құттықтады. Мерекелік шара барысында отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоғамдағы отбасы институтының маңызын арттыру мақсатында көптеген оң пікірлер айтылды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы біздің еліміздегі отбасы құндылықтарын ұлықтауға баса назар аударады. «Берекелі шаңырақ – елімізді үйлесімді әрі орнықты дамытудың мызғымас кепілі» деген пікірін ұстана отырып, мемлекет ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруге, отбасының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған шараларды қолға алып жатыр», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
2013 жылдан бастап, қыркүйек айының екінші жексенбісі — Отбасы күні ретінде атап өтілуде. 2014 жылдан бастап, елімізде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіліп келеді. Бұл байқау — береке-бірлігімен, тәлім-тәрбиесімен және қалыптасқан қағидаларымен өзгелерге үлгі болып отырған отбасыларды тану мен марапаттау алаңы. Биылғы конкурс нәтижесінде 16 отбасы үздіктер қатарынан көрінді. Бұл отбасылар — еліміздің әлеуметтік және мәдени дамуына үлесін қосып жүрген нағыз өнегелі әулеттер.
Облыстық комиссияның шешімімен Төлеміс Бектаевтың отбасы республикалық конкурста облысымыздың мерейін үстем ететін болды. Нұрлыбек Нәлібаев бүгінгі мерейлі күнде шаңырағында ізгі қарым-қатынас, игі дәстүрлер мен өзара сыйластық сақталған барлық отбасыларға ризашылығын білдірді.
Конкурс қорытындысы бойынша «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық кезеңінің жеңімпазы болып Бектаевтар отбасы (Жалағаш ауданы) танылып, бас жүлдені иеленді. Жаңақорғандық Мырзабаевтар отбасына І орын, қызылордалық Жарқынбековтер әулетіне ІІ орын, сырдариялық Есекеевтер отбасына ІІІ орын берілді. Сонымен қатар, арнайы номинациялар бойынша да марапаттар табысталды. «Өнегелі отбасы» номинациясы Байқадамовтар отбасына (Қазалы ауданы), «Үлгілі отбасы» номинациясы Төреқожаевтар отбасына (Жаңақорған ауданы), «Ұлағатты отбасы» номинациясы Әбішбаевтар отбасына (Шиелі ауданы) берілді.
Бұдан бөлек, «Ынтымақты отбасы» номинациясы Әбдіқалиевтер отбасына (Қармақшы ауданы), «Өнерлі отбасы» номинациясы Досмамбетовтер отбасына (Арал ауданы), «Берекелі отбасы» номинациясы Жайсаңбаевтар отбасына (Қызылорда қаласы) бұйырды. Конкурсқа қатысушыларды ынталандыру мақсатында «Еңбекқор отбасы» номинациясы Пірдашевтер отбасына (Қармақшы ауданы), «Жігерлі отбасы» номинациясы Шербатшаевтар отбасына (Сырдария ауданы), «Кемел отбасы» номинациясы Шалбаевтар отбасына (Арал ауданы), «Шуақты отбасы» номинациясы Мырзабаевтар отбасына (Шиелі ауданы), «Бәйтерек отбасы» номинациясы Шәкішевтер отбасына (Қазалы ауданы), «Мәуелі отбасы» номинациясы Әзмахановтар отбасына (Жалағаш ауданы) табысталды.
Салтанатты іс-шара мерекелік концертпен жалғасып, аудан тұрғындары мен қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мерекелік кеште өнерпаздар отбасылық құндылықтарды, береке-бірлікті жырлаған әндер мен билер орындады.
Бүгінде Қызылорда облысында отбасыларға қамқорлық пен көмек үздіксіз көрсетіліп келеді. Ана мен баланы қорғауға арналған қаржы, көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы көлемі жыл сайын артып отыр. Аналардың 17 мыңға жуығы — «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлері, 34 мыңға жуығы — көп балалы. Оларға ай сайын 2 миллиард 85 миллион теңге мемлекеттік жәрдемақы төленуде.
Мемлекет басшысының және Үкіметтің қолдауымен халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған тың жобалар жүзеге асуда. Жас отбасыларды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін «Сыр жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама аясында жыл басында 60 жас отбасы қоныс тойын тойласа, жақын күндері 40 жас отбасына пәтер кілттері табысталады.
Осылайша, «Мерейлі отбасы» байқауы тек отбасыларды марапаттап қана қоймай, қоғамдағы отбасылық құндылықтарды нығайтуға, жастарды отбасылық жауапкершілікке тәрбиелеуге бағытталған маңызды шара болып табылады. Әр отбасы — еліміздің болашағы, сондықтан отбасы институтын дамыту мен қорғау — баршамыздың міндетіміз.