Жаңалықтар

“Шығыс салбурыны-2024” фестивалінде биші “ортеке” өнер көрсетуде

Қазақ қуыршақ өнерінің бастауы саналған «Ортеке» былтыр ЮНЕСКО-ның адам­заттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енді.

 

Домбырасын қолға алып, күй төгілте бастағаны сол еді, ағаш жануар билеп қоя берді. Тұрған орнында әрі-бері секіріп, түз тағысындай ойқастайды келіп. Тұяғының дыбысы “Шығыс салбурыны-2024” халықаралық фестивалін тамашалауға келушілердің назарын бірден өзіне аударды. Тық-тық-тық… Әсем әуенге еліткен жұрт шанақтан төгілген күймен үндесе билеген қуыршақ текеге тәнті болып, әр қимылынан көз ала алмай қарап тұр. Иә, бұл – «Ортеке» биі.

 

Бұл туындының авторы “Шығыс салбурыны-2024” фестиваліне көршілес Қытай мемлекетінен келген өнерпаз Ерсінбек Тойғанбекұлы екен.

 

– Бір аптаның ішінде ұлттық құндылықтарды насихаттайтын туындыны жасап шығардым. Мұндағы басты мақсат – ата-бабаларымыздың бекзаттық мәдени мұрасын дамыту, – деді Ерсінбек Тойғанбекұлы.

Тамырдан жасалған туындылар шығысқа келген туристерді тамсандырды

 

«Шығыс салбурыны» фестивалінің қонақтары ағаштың тамырынан жасалған туындыларды ерекше бағалады.

 

«Тарих тағылымы: кешеміз, бүгініміз, болашағымыз» атты ағаш тамырынан жасалған туынды Асан қайғының нарын түйесі, тар заманның зарын шерткен қобыз, маралдың мүйізі, самұрық құстың ұясы арқылы қазақтың өткені мен келешегін сипаттап, әуезді күймен, айналып, Ертөстік жырын жырлайды.

 

– Бұл туындыны жасауға 1 жылға жуық уақытым кетті. Суда жатқан ағаш тамырын алып, оны кептіріп, біраз уақыт тамырға қарап жүрдім. Бір күні шабыт келіп, бұл тамырдан осы нар түйе, қобыз, самұрықтың ұясын көргендей болдым. Ақырындап тамырды жонып, сырлап, осы туындыны шығардым, – дейді Қазақстан этно дизайнерлер одағының мүшесі Серік Нұрсадықов.

 

 

Шебердің қолынан ағаштан, ағаш тамырынан бөлек, сүйектерден де ұлттық құндылығымызды сипаттайтын талай туындылар шықты.

 

«Шығыс салбурыны» фестиваліне келген туристер мұндай қолөнер туындыларын естелікке алып жатты.

Back to top button