Жаңалықтар

ТҰМАУДАН ҚАЛАЙ САҚТАНАМЫЗ?

Әлемде жылына шамамен 650 000-ға жуық адам тұмаудан қайтыс болады. Бұл тек маусымдық тұмауға байланысты статистика. Тұмау денсаулығы мықты адамға  жұқпайды деген сыңаржақ пікір екенін  ұмытпаған абзал. Тек олардың көпшілігінің денсаулығы бірнеше аптада қалпына келеді. Ал кей адамда синусит, құлақ инфекциясы, пневмония, мидың немесе жүректің қабынуы сияқты асқыну пайда болады. Сондықтан тұмаудан сақтану өте маңызды.

 

Тұмау пандемиясын болжау мүмкін бе?

Ғалым сарапшылар тұмау пандемиясын болжау мүмкін емес дейді. Мысалы, 1957 жылғы «Азия тұмауы» миллионнан астам адамның өмірін жалмады. Бұл індет Қытайда басталып, әлемге тарады. 1968 жылы  өршіген  «Гонконг тұмауы»  да 3 миллионға жуық адамның өмірін қиды.
ДДҰ стандартына сәйкес, әр елде тұмауға қарсы иммундау егде жастағы адамдардың 75 пайызына салынуы керек. Алайда, 2018-2019 жылдары Еуропа елдерінің жартысында бұл көрсеткіш 35 пайызға жетпеді. ДДҰ, сонымен қатар кей елдерде халықтың жекелеген топтарында вакцинацияны бақылау тетігі жоғын анақтаған.

Тұмауға қарсы күресте медицина қызметкерлерінің де иммун жүйесін қалыптастыруға ерекше назар аудару маңызды. Дамыған елдердің өзінде   медицина қызметкерлерінің жартысы ғана екпе алады. Бұл бағытта Армения, Белоруссия, Қазақстан, Молдова және Ресейде медицина мамандарының вакцинациясы 80 пайыздан асады екен.

Айжан Есмағамбетова, Денсаулық сақтау министрлігінің «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының» басқарма төрағасы (фото респонденттің жеке мұрағатынан)

 – Иммунитетті уақытында «қалпына келтіріп», қажетті екпені алу өте маңызды. Профилактикалық екпелер қауіпті инфекциялық аурулардан қорғайды. Ата-аналардың парызы – екпе туралы ақпарат алу және вакцина жасату үшін медициналық мекемеге уақытылы бару. Әрбір вакцинаны егу нақты белгіленген уақытында қабылдауға тиіспіз, егер ол бірнеше екпеден тұратын болса, онда толық курсын алуымыз керек. Олай болмаған жағдайда ағзаның қорғаныш күші әлсіреп, инфекциялық аурулардан қорғану мүмкіндігі төмендейді, – дейді Денсаулық сақтау министрлігінің «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының» басқарма төреғасы Айжан Есмағамбетова.

Оның айтуынша, тұмау вирусы маусым сайын өзгеріп отыратындықтан, оған вакцинаның құрамы да жыл сайын өзгереді.  Сондай-ақ тұмау вакцинасының әсері те тек сол маусымға ғана  сақталады.

– Тұмауға қарсы вакцинаның пайдасы – халықты, оның ішінде созылмалы ауруы бар, иммунитеті төмен адамдарды тұмаудан қорғайды және адам ауырып қалса, ауру жеңіл өтеді. Вакцина құрамындағы кей компоненттерге аллергия, жіті қызба жағдайы немесе созылмалы аурулардың өршуі, респираторлық вирустық инфекция болған жағдайда вакцинация адам сауығып кеткеннен кейін жүргізіледі. Ал жүкті әйелдерге екінші, үшінші триместр – ең қауіпсіз кезеңде салынады, – дейді.

 

Тұмау балаларды айналсоқтап жүр

Әдетте бұған дейін тұмау негізінен халықтың егде жастағы бөлігіне әсер ететін ауру болатын. Сондықтан көптеген елде тұмауға қарсы вакцинация 65 жастан асқан адамдарға, сондай-ақ белгілі бір созылмалы аурулардан зардап шегетіндерге ұсынылады. Алайда, соңғы жылдардағы тәжірибе  көрсеткендей, эпидемия кезінде тұмаумен балалардың  көп ауыратыны байқалады.

ДДҰ мәліметтері бойыншатәуекел топтар арасында жыл сайын алдын алу үшін салынатын вакцинаның арқасында Еуропа пен АҚШ-та тұмау эпидемиясының қарқыны айтарлықтай азайған. Иммунопрофилактика қазіргі уақытта жұқпалы аурулармен күрес жөніндегі халықаралық бағдарламаның негізгі факторы. ЕО елдері мен АҚШ-тағы Денсаулық сақтау органдары тұмауға қарсы иммундаудың орындылығы мен негізділігіне баса назар аударады және мақсатты контингенттерді вакцинациямен қамтуды 75 пайызға дейін арттыруға күш салып отыр. Ал біздің елдегі жағдай қандай? Төмендегі 1-кестеге назар аударайық:

1-сурет Денсаулық сақтау министрлігі ақпараты

Бюджет қаражатына сатып алынатын «ГРИППОЛ +» вакцинасынан басқа Қазақстанда тұмауға қарсы тағы 7 вакцина тіркелген, оның ішінде 3 ресейлік вакцина – «Гриппол квадри», «»Ультрикс Квадри», «Флю-М», 2 голландиялық өндіріс – «Инфлювак Тетра» және «Инфлювак», француздық «Ваксигрипп тетра» вакцинасы және «Синовак Биотек» өндірген қытайдың тұмауға қарсы вакцинасы.

АҚШ-та тұмауға қарсы вакцинация жасы мен денсаулығына қарамастан халықтың бәріне ұсынылады. Ал тұмауға қарсы иммундау саясаты бар елдердің көпшілігінде вакцинация егде жастағы адамдарға және тұмауға байланысты асқыну қаупі жоғары деп саналатын кез келген жастағы адамдарға ұсынылады. Алайда, халықтың мақсатты тобы денсаулық сақтау жүйесі дамыған барлық ел үшін бірдей болып көрінгенімен, вакцинация ұсынылатын субъектілер әр түрлі болуы мүмкін. Мысалы, Еуропаның кей еліндерінде егде жастағы адамдарды вакцинациялау жасы 64 жасты құрайды, ал  Германия, Венгрия, Исландия, Нидерланды және Словакияда 59 жас, Мальта мен Польшада 54 жас. Бұл адамдар арасындағы биологиялық кезеңдегі нақты айырмашылыққа негізделмеген, мәдени және тарихи тұрғыдан әр түрлі болуы мүмкін әлеуметтік құрылыстың салдары. Ал зерттеулер иммуностарингия 65-70 жастан басталады деп болжайды. 

Қазақстандағы талап қандай десек, бізде бірінші кезекте вакцинаны төмендегі статустағы адамдар алады:
– медициналық ұйымда динамикалық бақылауда тұрған балалар;
– ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
– қарттарға арналған медициналық-әлеуметтік мекемелердің адамдары;
– мүгедектігі бар адамдар;
– медицина қызметкерлері;
– эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша жұқтыру қаупі жоғары адамдар.

 

Вакцинофобия бастауы – қауесет пен жалған ақпарат

«Егер халықтың вакцинация деңгейі неғұрлым жоғары болса, белгілі бір вирустың немесе инфекцияның жиілігі соғұрлым төмен болады» деген дәлелді болжам бар. Өткен ғасырда адамзат вакцинаның арқасында табиғи шешек   секілді өлім-жітім деңгейі жоғары болған қорқынышты ауруды жеңген. Бірақ соның өзінде халық арасында әлі күнге вакцина ағзаға қауіп төндіреді деп санайтын бар. Мұндай вакцинофобияның бастауы – ақпараттың аздығы, қауесет және фейк ақпарат. Салдарынан адам дәлелденбеген әрі  ғылымға қарсы теорияларға сенеді.

Кейіпкеріміз Гүлмира Смағұлова COVID-19 кезінде  отбасымен коронавирусқа қарсы екпе алғанымен, тұмауға қарсы екпе алған емес.  Оның пікірінше, сақтық шарасына мән беріп, дұрыс тамақтанған адам тұмаумен ауырмайды.

– Бастысы – гигиена сақтау. COVID-19 пандемиясынан кейін адамдардың жеке гигиенаға көзқарасы өзгерді. Қоғамдық орындарда қол жуу мен жөтелден сақтануға жауапкершілікпен қарай бастады. Тұмау секілді ауру өрши бастаса, қорғаныс үшін бір реттік бетперде қолданамыз. Ел ішінде екпеге қарсылар да бар. Егер пациентте кішкентай күмән болса екпені салдырмаған дұрыс деп санаймын, – дейді ол.

Тұмауға қарсы вакцинадан бас тартатындардың бірнеше тобы болады. Осыдан бірер жыл бұрын ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы Өкілдігі көмегімен дайындалған, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының (ҚМДБ) келісімін алған «Екпелер және әлемдік конфессиялар» деп аталатын зерттеу жинағы жарық көрді. Аталған еңбекте 2022 жылдың басындағы ахуал бойынша Қазақстанда профилактикалық екпелерден бас тартудың 28 мыңнан астам жағдайы тіркелгені айтылады. Бұл жинақ статистика 2013 жылдан бері жүргізілген. Вакцинадан бас тартуының себебін «жеке наным-сеніміне» (16 469), «діни наным-сеніміне» (6356), «вакцинаға сенбеуіне» (3596), «БАҚ-тағы жағымсыз ақпаратқа» (1579) байланысты  деп жауап берген. Осы төрт топтың бірінің өкілін жоғарыда сөзге тартып көрдік. Ал екінші топтың өкілдері – діни ұстанымына байланысты вакцинадан бас тартушылар сұхбат беруге келіспеді. Олардың пайымынша, вакцинация жаңа заманда пайда болды, сондықтан ол діни көне қағидаларға қайшы келеді. Ал шындығында діндер тарихы ғасырлар бойы медицинамен және вакцинологиямен қатар келе жатыр.  Мұны аталған зерттеуді жасаған ғалымдар мәлімдеген. Біле білсек, вакцина арқылы   қауіпті аурулардың алдын алу мен күрес әдісі ретінде мұсылмандар алғашқылардың бірі болып енгізе бастаған. Парсы ғалымы әрі дәрігері Әбу Бәкір әр-Рази (865-925) шешек пен қызылша жұқпалы екенін жорамалдап, вариоляция тәжірибесін енгізген. Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) пандемия кезінде COVID-19-ға қарсы вакцина (HayatVаx немесе VeroCell вакцинасы) өндірушілердің бірі екенін, сондай-ақ коронавирус инфекциясына  қарсы вакцинациямен қамту деңгейі жоғары (90%-дан астам) елдердің көш басында тұрғанын ескеруіміз керек.

Ал Сауд Арабия патшалығы пандемияға дейін қажылыққа келушілерден менингококк инфекциясы мен дифтерияға қарсы екпе алғаны туралы халықаралық сертификат талап ететін. 2020 жылдан кейін  COVID-19-ға қарсы екпе алғанын растайтын құжатты та талап ете бастады.

Бір қуанарлығы, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы – бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова соңғы кезде эпидемиологиялық маусым кезеңінде тұмауға қарсы екпеден діни себеппен бас тарту азайғанын мәлімдеді. Оның айтуынша,  егер ондай жағдай болса, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық-санитарлық бөлімшелері дәрігер-мамандармен, теологтармен бірлесе отырып түсіндіру жұмысын жүргізеді деп жауап берді. Тұмаудың эпидемиологиялық жағдайына апта сайын мониторинг жүргізетін комитеті елімізде тұмау   бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты, тұмаудың жаңа түрі анықталған жоқ дейді.

ДДҰ: вакцинация жылына 3 миллион адамның өмірін сақтайды

Ел арасында вакцина алған соң ауырдық дегендер кездеседі. Екпе алған  алғашқы күні сезілетін ондай ауырсыну заңдылық, бұл – иммунитеттің  вирусқа қарсы дайындалуы дейді мамандар. Әлбетте, тұмауға қарсы вакцина қабылдағаннан кейін алғашқы күндері жеңіл суықтың белгілері пайда болуы мүмкін: температураның жоғарылауы, инъекция орнының ауырсынуы, әлсіздік және бұлшықет ауруы. Бұл белгілер алаңдаушылық туғызатын жайт емес. Иммундық жүйе реакциясын осылай көрсетеді. Дене аурумен күресуге дайындалады және патогенмен байланыста болған кезде оны қорғайтын арнайы заттар шығарады. Әдетте барлық жағымсыз құбылыс бірнеше күннен кейін басылады. Вакцинадан қорқатын адамға бұл екі есе артық сезілуі мүмкін. Сол себепті вакцина алатын адам психологиялық тұрғыдан күдігі болмауы тиіс. Өкінішке қарай, әлі де тұмауға қарсы екпенің қаупі туралы ақпарат азаймай тұр. Былтыр Англияның бас дәрігері адамдар вакцина туралы жалған ақпаратты әлеуметтік желілер арқылы алатынын ескертсе, АҚШ ғалымдары ресейлік  интернет-боттар вакцина туралы жалған ақпарат таратқанын мәлімдеді.

Динагүл Баешева, Балалар инфекционисі, медицина ғылымдарының докторы (фото:bestdoctor.kz)

Балалар инфекционисі, медицина ғылымдарының докторы Динагүл Баешева да вакцинаға қатысты фейк ақпараттың көбейгеніне алаңдаулы.

– Кейбір адамдар бұл менің жеке пікірім деп дауласады.  Бірақ пікір – факт емес. Оның айтқанын растайтын дәлелді құжат жоқ. Бізде пандемиямен күресуге арналған құралдар көп. Соның бірі – тұмауға қарсы екпе. Аурудың жағымсыз салдарын азайтуға, адам өмірін сақтап қалуға және экономикалық, әлеуметтік шығындарды азайтуға қабілетті. Тұмау тұрақты қарқын алып келе жатқан инфекция, сондықтан оның алдын алу, дайындық және әрекет ету қызметі  болып жатқан өзгерістерге сәйкес келуі керек, – дейді ол.

ДДҰ дерегіне сүйенсек, вакцинация жыл сайын екі-үш миллионға жуық адамның өмірін сақтап қалады.  Сондықтан елімізде  тұмауға қарсы екпеге қатысты арнайы нормалар қабылданған. Биыл «Тұмау, басқа да жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) және коронавирус инфекциясы (COVID-19) бойынша 2024-2025 жылдардағы эпидемиялық маусымға арналған санитарлық-профилактикалық, санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізу туралы» 2024 жылғы 16 тамыздағы №7 қаулы қабылданған. Қазақстан халқына тұмауға қарсы вакцинация үшін  «ГРИППОЛ +» вакцинасының 2 207 752 дозасы сатып алынған.

ДДҰ мәліметіне орай, алдағы 2024-2025 жылғы эпидемиологиялық маусымда А/H1N1 pdm09, H3N2 типті тұмау вирустары және В тұмау вирусы таралады деп болжанған.  «ГРИППОЛ +» вакцинасының құрамында алдағы эпидемиологиялық маусымдағы штамдар бар.

ДДҰ тұмауға қарсы иммунитет қалыптастыру үшін халықтың кем дегенде 10% егуді ұсынады. Елімізде тұмауға қарсы вакцинациялауға жататын топ жалпы халықтың 11-14%-дан төмен түскен емес.

2-сурет Денсаулық сақтау министрлігі ақпараты

Жаңартылған жаһандық стратегия

Сархат Бейсенова, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы – ҚР бас мемлекеттік санитар дәрігері (фото: gov.kz)

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы – ҚР бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова  ДДҰ және оның серіктестері тұмауға қарсы жаңартылған жаһандық стратегия әзірлеп жатқанын жеткізді. Ол құжат биыл ресми түрде енгізілуі керек. Стратегия елдерге маусымдық тұмаудың алдын алу және бақылау саласында олардың әлеуетін дамытуға жәрдемдесетін болады. Өз кезегінде, елдердің бұл күш-жігері жаңа тұмау пандемиясына жаһандық дайындықтың нығаюын қамтамасыз етеді.

– Стратегияның негізгі бағыты үш басымдыққа – пандемияға дайындықты нығайтуға, маусымдық тұмаудың алдын алу және бақылау шараларын кеңейтуге, сондай-ақ ғылыми зерттеулер мен инновацияға бағытталған. Ғылыми зерттеулер мен инновациялар тұмаудың өршуін модельдеу мен болжаудың жетілдірілген әдістерін, жаңа вакциналар әзірлеуді, соның ішінде тұмау вирусының барлық штамына тиімді болатын тұмауға қарсы әмбебап вакцина жасауды қамтиды, – дейді.

Тұмауға қарсы күресті жаһан жұрты болып жүргізу қалыптасқан үрдіс. Десе де, әр мемлекет тұмауды алдын алу үшін өзі де іс-қимыл жасайтыны белгілі.  Бұл ретте Қазақстан шет мемлекеттердің тиімді шешімдерін қабылдаса, ұтылмайды. Соның бірі –  АҚШ-тың тұмауға қарсы вакцинация жасына және денсаулығына қарамастан халықтың бәріне ұсыну тәжірибесі. АҚШ алдағы уақытта тұмауға қарсы екпе алатын америкалықтар үлесін 70% дейін жеткізуді көздеп отыр. Біз ең болмаса 50% жеткізсек, иммундық жүйе қалыптасар еді. Ал қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 14 % жетпей тұр. Бұл – бірінші ұсыныс.

Екіншіден,  тұмау балаларды да айналдыра бастады. Бұл балалардың иммун жүйесінің әлсіздігінен. Сондықтан балаларды тұмауды жылдам жұқтыру қаупі бар санатқа жатқызуды ұсынамыз. Қазіргі таңда біздің елде медициналық ұйымда динамикалық бақылауда тұрған және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға ғана екпе егіледі.

Үшіншіден, вакцинофобияны жеңу үшін Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі вакцинацияға қатысты шынайы ақпарат тарату ісін қолға алса… Тұмауға қарсы вакцинация басталған кезде халықпен онлайн, офлайн кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізсе… тұмауға қарсы вакцинаның қаупі туралы қауесет пен жел сөзді жоққа шығаруды қамтамасыз ету үшін мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында арнайы лот енгізілсе деген ұсынысымыз бар.

Гүлнар ТАЙЖАН

 

«Бұл материал Solutions Journalism in Medicine (SJMED) жобасы аясында шешім журналистикасы жанрында дайындалды. Материалда айтылған пікірлер авторларға тиесілі және «Әділ сөз»  сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының, ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігінің, АҚШ халықаралық даму агенттігінің (USAID) ресми көзқарасын білдірмейді.»

 

Back to top button