ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНДА ЗАМАНАУИ МЕДИЦИНАЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ЕНГІЗУ ҮРДІСІ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ

Ұлытау облысының денсаулық сақтау саласы үшін 2024 жыл материалдық – техникалық жарақтандыру жағынан жемісті болды. Облыс әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасының атқарған қарқынды жұмысының нәтижесінде заманауи медициналық технологияларды енгізу процесі айтарлықтай жанданып, сала бұрын соңды болмаған жабдықтармен жабдықталды.
Облыстың медициналық мекемелеріне жергілікті және республикалық бюджеттерден жалпы сомасы 2 млрд. 223 млн. теңгеге медициналық жабдықтар мен техника сатып алынды. Жезқазған қаласы облыстық көпбейінді ауруханасына агиограф және 128 кескінді КТ (1,4 млрд теңге) ірі күштік аппараттар сатып алынды.
Ангиограф — бұл рентген сәулелері мен контрастты заттардың көмегімен қан тамырларын визуализациялауға (көруге) мүмкіндік беретін арнайы жабдық. Ол тамырлардағы тарылу немесе бітелу, аневризмалар, қан ұйығыштары және басқа да қауіпті патологияларды дәл анықтауға мүмкіндік береді, мұның өзі күрделі инсульттар кезінде маңызды.
128 кескінді КТ компьютерлік томографиясы – бұл жоғары деңгейде ажыратуды және кескінді жылдам алуды қамтамасыз ететін жетілдірілген компьютерлік томография технологиясы. Құрылғы бір уақытта бірнеше кесінді алу арқылы дененің әртүрлі бөліктерінің егжей-тегжейлі 3D кескіндерін жасайды. Технология әсіресе жүрек-қантамыр жүйесін тексеру кезінде үлкен артықшылық береді.
Сонымен қатар, облыстық аурухананың нейрохирургиялық бөлімшесінде инновациялық роботтандырылған хирургиялық бейнелеу жүйесі (операциялық микроскоп) орнатылды. Микроскоп дәрігердің қолмен жасаған манипуляцияларының санын азайтады, жоғары орналасу дәлдігін қамтамасыз етеді және мидың терең бөліктеріне, соның ішінде тамырларды кесуге мүмкіндік береді. Аталған медициналық техниканың арқасында біздің нейрохирургтар миға күрделі операциялар жасауда. Айта кету керек, жергілікті мамандар үстіміздегі жылдың ақпан айында алып ми ісігіне күрделі ота жасап, 40 жастағы әйелді мүгедектіктен сақтап қалды. Ісіктің көлемі 6 см құрады.
Жаңаарқа аудандық көпсалалы ауруханасының хирургтары биыл орнатылған аз инвазивті эндоскопиялық араласуларға арналған жүйенің арқасында икемді немесе қатты эндоскопты қолдана отырып лапароскопиялық операциялар жасай бастады. Осы ауруханаға , сонымен қатар лор комбайн да сатып алынды. Бұл аппараттарда Жаңаарқа ауданының тұрғындары ғана емес, жақын маңдағы Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінің тұрғындары да тексеріліп қарала алады.
Былтырдан бері облыс орталығында «Centre Nova Diagnostic»ЖШС және «Orion Medicals» ЖШС мемлекетті – жекеменшік әріптестік (МЖӘ) негізінде көрсетілімі жоғары 1,5 Тесла магниттік өрісі бар магниттік-резонанстық томография (МРТ) кабинеттерін ашып халыққа қызмет көрсетуде.
Дертті ерте анықтау, емдеудің сәтті болу мүмкіндігін сөзсіз едәуір арттырады. Мұның өзінде заманауи технологиялардың орны ерекше. Бүгінгі күні өңір тұрғындарына үлкен жеңілдік жасалды, оларға нақты диагностика жасау үшін бұрынғыдай Қарағанды, Астана қалаларына барудың қажеті жоқ.