Жаңалықтар

Аймақ тазалығы — ортақ міндет: Абай облысында ауқымды экологиялық акциялар өтті

 

28 сәуір күні Абай облысының қалалары мен аудандарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бастау алған «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасы аясында кең көлемді экологиялық шаралар ұйымдастырылды. Өңір тұрғындары туған жердің тазалығы мен экологиялық мәдениетті дамыту идеясын бір ауыздан қолдап, бірлік пен белсенділік танытты.

Семей қаласында осы күні бірден екі маңызды экологиялық акция өтті. Қалалық ішкі саясат бөлімі «СОЦKZ» қоғамдық қорымен және еріктілермен бірлесіп, әуежай аумағында көшет отырғызу шарасын өткізді. Қатысушылар ондаған ағаш отырғызып, табиғатты қорғауға өз үлестерін қосты.

Сондай-ақ, Семейде «Жастар — Таза Қазақстан үшін» атты акция ұйымдастырылды. Жастар ресурстық орталығы мен «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен 100-ден астам белсенді жастар мен ерікті азаматтар қаладағы аумағы үлкен көшелердің бірінде тазалық жұмыстарына белсене қатысты.

Аягөз ауданында өткен жалпыаудандық сенбілікке 7 мыңнан астам тұрғын қатысып, көшелер, саябақтар, өзен жағалауы тазартылып, ағаш көшеттері отырғызылды. Аудан әкімінің орынбасары Медет Мырзыкешов аталған шаралардың туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыруға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жүйелі жұмыстардың маңызды бөлігі екендігін атап өтті. Сондай-ақ, ауданда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «80 жылдыққа — 80 ағаш» патриоттық акциясы өтті.

Курчатов қаласында Ертіс өзенінің жағалауында «Таза жағалау» акциясы ұйымдастырылды. Оған мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Қатысушылар қоқыстарды жинап, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына назар аудартты.

Үржар және Мақаншы аудандарында ауқымды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Үржардағы Балалар саябағында ойын алаңдары қайта қалпына келтіріліп, ағаш көшеттері отырғызылды. Сонымен қатар, «Таза өлке». «Таза жағалау», «Мөлдір бұлақ», «Киелі мекен» акциялары өткізілді.

Абай ауданында «Тал егу – табиғатты аялау» ұранымен ұйымдастырылған акцияға тұрғындар белсене қатысты. 600-ге жуық тұрғын көшелер мен қоғамдық орындарда 2 000-ға жуық түп ағаш отырғызды. Бір ай ішінде ауданда 1 667 тоннадан астам қоқыс шығарылған.

Мақаншы ауданындағы Алакөл көлінің жағалауында өткен сенбілікке 600-ге жуық адам қатысты. Олар 22 гектар аумақты тазартты. Акцияға 11 ауылдық округтің тұрғындары, жастар мен аға буын өкілдері атсалысты. Мұндай шаралардың экологиялық сананы қалыптастыруда маңызы зор екендігі атап өтілді.

Бородулиха ауданы да табиғатты қорғау шараларынан қалыс қалмады. Мұнда «Болашақ ұрпақ үшін орманды қоқыстан сақта!» ұранымен орман алқабында сенбілік өткізілді. Мемлекеттік органдардың қызметкерлері, жастар және жергілікті тұрғындар тазалық жұмыстарында бірлесе еңбек етті.

Абай облысында өткен экологиялық акциялар тағы бір мәрте туған жердің тазалығы — әр азаматтың жауапты ісі екендігін дәлелдеді. Әр тұрғын өз үлесін қоса отырып, жас ұрпаққа жарқын әрі жасыл болашақ сыйлауға атсалысуда.

Back to top button