Ұлытау облысында 2025 жылғы жазғы демалыс маусымында 36 мыңнан астам оқушыны түрлі бағыттағы сауықтыру бағдарламаларымен қамту жоспарланып отыр.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте білім басқармасы мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері мәлімдеді.
Облыс бойынша барлығы 153 лагерь мен демалыс алаңы жұмыс істейді. Оның ішінде 59 мектеп жанындағы лагерьде 4 809 бала тегін демалады. Осы мақсатқа 73,7 млн теңге бюджет қаражаты бөлінген. Жалпы, жазғы маусымды ұйымдастыруға бюджеттен және демеушілерден 515 млн теңге бағытталды.
Сонымен қатар, облыс әкімдігі Жезқазған қаласындағы Ботаникалық бақ маңынан 400 орындық жаңа лагерь салуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта 28,8 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жіберілді.
Балалар демалысы барысында қауіпсіздік пен санитарлық талаптарды сақтау – басты назарда. Сауықтыру орындары арнайы тексерістен өткізіліп, персонал медициналық тексеруден өтеді. Балалар тек медициналық анықтамамен қабылданады.
Сондай-ақ, шомылу ережелерін түсіндіру, суицидтің алдын алу, құқықтық және психологиялық қауіпсіздік бойынша арнайы сабақтар өткізу жоспарланып отыр. 29 мамырда облыс аумағында «Қауіпсіз балалық шақ!» атты кең ауқымды ақпараттық акция өтеді.